Қарағанды облысында велошеру өтті

Мерекелік шараның шымылдығы арнайы әзірленген музыкалық композияциямен ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ортада көк байрағымыз желбіреп, жиналған жұртқа рух сыйлады.

Нұрлан Бикенов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Бүгін баршамызға өте маңызды күн. Еліміздің рәміздеріне 30 жыл толып отыр. Соған орай, облысымыздың әр қала, әр ауданында үлкен шаралар өтіп жатыр. Еліміздің туын, әнұранын, елтаңбасын насихаттау жұмысы.

Бұл күні еліміздің әнұраны республиканың барлық аймағында бір мезетте шырқалды.

Бұдан соң мемлекеттік рәміздерді насихаттауға сүбелі үлес қосып, әлем ареналарында көк туымызды желбіретіп жүрген спортшылар, өнер майталмандары марапатталды.

Замира Бексейітова, Б.Бейсенов атындағы қарағанды академиясының ұстазы:

- Қарағанды академиясының қызметкерлері және курсанттары жыл сайын осы іс-шараға қатысады. Біз ҚР ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы академия атынан бүкіл қазақстандықтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Қазақстан тек қана алға.  

Бұл күні велошеруге қатысам деушілерге шектеу болған жоқ. Жасы да, жасамысы да белсенділік танытты. Арасында әлем чемпиондары да бар.

Анатолий Степаненко, велошеруге қатысушы:

- Мұндай шаралар Қазақстан халқының бірлігін одан әрі нығайта түседі деп есептеймін. Велошеру мемлекеттік рәміздерге деген құрмет қана емес, бұқаралық спортты дамытудың бір үлгісі.  

Велошеруге қатысушылар шамамен 7 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Бұл жарыс емес, сондықтан спортшылардың барлығы да марапатталды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар