Павлодар облысында интернет-алаяқтықпен күрес механизмі күшейтілді

Өңірде ғаламтор арқылы оңай олжа тапқысы келетін алаяқтар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин кезінде белең алған бұл қылмыс деңгейі әлі күнге дейін төмендемей келеді. Себебі алаяқтар халықты арбаудың жаңа әдістерін ойлап тапқан. Енді құқыққорғау органдары бұлармен күресу үшін банктермен бірлесіп, ортақ механизм жасады. 42 жастағы Александр Пилуй интернет алаяқтарының арбауына түсе жаздады. Алаяқтар банк нөмірінен хабарласып, 2 млн теңгенің несиесін рәсімдемек болған. Алданып қалмаса да, полицияға шағым жазған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Александр Пилуй, қала тұрғыны:

Оларға қосымша сұрақтар қойып едім, дұрыс жауап бермеді. Несие рәсімдеу мәселелері бойынша банкке өзім барамын дедім. Алаяқтар онлайн түрде жасау керек деген соң күмәндандым. Бірақ кәсіби мамандар сияқты сөйлесті. Сондықтан сеніп те қалдым.

Соңғы уақытта банк қызметкері болып өзін таныстырып, карточкалардан ақша аударту жиілеген. Кибералаяқтыққа төтеп беру мақсатында жаңа әдістер енгізіледі. Бұл іске екінші деңгейлі банк ұжымдары да атсалысады. Тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін шұғыл желі іске қосылып, ақпарат автоматты түрде полицияға жолданады.

Марлен Сламбеков, облыс прокурорының орынбасары:

– Банктерге алаяқтық туралы хабарлағысы келетін қоңыраулар үшін қосымша шұғыл желі қосуды ұсындық. Тұтынушылар «бір» батырмасын басу арқылы автоматты түрде операторға қосылады. Облыстағы қаржылық институттары қолдау білдірді. Енді жаңашыл механизм іске қосылады.

Сергей Гельд, екінші деңгейлі банк филиалы қауіпсіздік жөніндегі басқарманың бас менеджері:

– Есепшоттардан ақша аудару бойынша алаяқтық деректері тіркелді. Тұрғындар сеніп, жеке мәліметтерін беріп қояды. Кейін опық жейді. Тұтынушыларымыздың қауіпсіздігі үшін прокурорлардың ұсынысын қабылдадық.

Тұрғындар онлайн несие рәсімдеу мен әлеуметтік желідегі жалған хабарлама бойынша жиі алданады. Бұл – интернет ұрылары жиі пайдаланатын тәсіл. Жыл басынан бері үш қылмыстық топ ұсталды. Олар 150 эпизод бойынша күдікке ілікті. Мамандар ғаламтордағы хабарламаларға мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде күмәнді деген 50-ге жуық хабарлама бұғатталды.

Болат Нұрсейітов, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары:

– Ұялы байланыс операторларының sim-карталары кез келген адамға қолжетімді. Оларды тіркеу де оп-оңай. Бұған жол бермеу үшін компания өкілдерімен ортақ жұмыс атқаруға уағдаластық. Ресми хаттар жолдадық. Жеке тұлғаларға sim-карталарды тіркеу бойынша шектеу қою керек.

Аймақта жыл басынан бері 600-ден астам алаяқтық дерегі тіркелсе, бір жыл бұрын 300-ге жуық факті анықталған. Өкінішке қарай, олардың жартысына жетер-жетпесі ашылады. Бұл – күрделі іс, дейді полицейлер. Сондықтан тұрғындардің кез келген қоңырауға сенбегендері жөн.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат