Атыраудағы мектеп құрылысы қашан бітеді?

Атыраудағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің құрылысы созылып кетті. 500-ден астам бала басқа білім ошақтарын жағалап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 жыл бойы жыр болған құрылыс биыл да аяқталмайтын түрі бар. Себебі жаңа мектеп жобасына ата-аналар қарсы шықты. Тұрғындар білім ошағының жер телімі талан-таражға түсті деп наразылық танытты. Бұл күнде бұрынғы ғимараттың орны да жоқ. Апатты деп танылған соң сүрілген ғимараттың аумағы 5 жылдан бері қоршаулы тұр. Ал балаларын басқа мектептерге тасып жүрген ата-аналар, бізге тал-терегі жайқалған  бұрынғы орнынан меткеп салып берсін деген талап қойып отыр.

Фарида Тоғашева, қала тұрғыны:

2017 жылы осы мектептен 1 сыныпты тәмамдадық. Келесі оқу жылының алдында мектеп ғимаратын апатты деп танып, бізді 18 мектепке көшірді. Ал қашық және жаяу барамыз. Себебі біз тұрған жерден ол бағытқа автобус жүрмейді. Қашықтығы өз алдына көптеген көшені қиып өтуге тура келіп тұр. Бала үшін қауіпті болған соң өзім апарып алып келемін.Мен ата-ана ертінде бізге бұрынғы орнынан жаңа мектеп салып беруін талап етемін.

Мектепке тиесілі жер телімін қорғауға ата-аналар белсене кіріскен. Олар белсенді топ құрып, облыстық білім басқармасы, жергілікті әкімдік, тіпті, прокуратураға дейін шағымданыпты. Жайық жағасындағы жұмақ мекенге көз сүзгендер бір кезде 91 сотық аумақты біртіндеп иемдене берген. Ақыры мектеп ғимараты орналасқан аймақ ондаған бизнес нысаны мен зәулім коттедждердің қоршауында қалыпты.

Қайша Рысбаева, белсенді топтың жетекшісі:

– Олар мектепке тиесілі жерді басып алған. Біреуі 3 метр, екіншісі 21 метр жерді иемденіп кетті. Бізге кіріп-шығуға 8 метр қалдырып отыр. Сонан бері біздің оқушылар тек осы 8 метр аумақтан шыға алмай келді. Ауладан шыға бере, күре жолға тірелеміз.

Белсенді топтың табанды талабының арқасында даулы іске облыстық прокуратура араласып, 2021 жылы мектепке тиесілі жер заңдастыруға көмектесіпті. Осылайша бір кезде әкімдік жоспарлаған 160 орындық мектеп енді екі есе үлкен болып салынатын болды.

Мейірім Қалауи, Атырау қаласының әкімі:

– Қазіргі таңда жобаға өзгерістер енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін жобасы өзгертіліп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, мектептің құрылысы басталады. Сол 300 орындық мектепті салу үшін жер көлемі жеткілікті. Жасыратыны жоқ, 90 жылдардың басында мектептің айналасындағы бос жерлер жеке компанияларға берілген. Қазір ол жерлердің барлығында көрсеңіздер, ғимараттар, әртүрлі кеңселер, үйлер орналасқан. Оны бұзудың ешқандай қажеттілігі де, мүмкіндігі де жоқ.

Енді ата-аналардан құралған белсенді топ тек жер телімін қайтарып қана қоймай, салынатын мектептің сапасына да көңіл аударса, дейді. Себебі әкімдік ұсынған мектеп жобасы көңілдерінен шықпайды екен. Олар бетоннан құйып, сыртын қаңылтырмен қаптай салатын ғимарат керек емес дейді. Осылайша жан-жаққа тартқан текетірес кесірінен Мағжан атындағы мектептің оқушылары жаңа оқу жылында тағы да басқа мектептерді жағаалйтын сыңайлы.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазив