«KEGOC» электр желілерін қысқа дайындап жатыр

«KEGOС» акционерлік қоғамы электр желілерін күзгі және қысқы кезеңдерге дайындау жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Науқан барысында компанияның әуе желілері мен электр қосалқы станцияларында қарқынды жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Биыл жыл соңына дейін 94 электр беру желісін және 37 қосалқы станция жабдықтарын жөндеу көзделген. Оның ішіне ғимараттарды, қосымша құрылыс нысандары мен автотехниканы жаңғырту жұмыстары да кіреді.

Қанат Байбәкіров, «KEGOС» АҚ электр желілерін жеткізу қызметінің басшысы:

– Қазіргі уақытта электр берудің әуе желілері мен қосалқы станциялардың жабдықтарындағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан басқа, авариялық жағдайлар туындаған жағдайда материалдардың, қосалқы бөлшектердің, конструкциялардың және жанар-жағармай материалдарының авариялық қоры толықтырылып жатыр.

Ал желілік бригадалар мамандандырылған техникамен, барлық қажетті құрал-сайманмен, құрылғылармен және арнайы қорғаныш киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

Бауыржан Нұрғалиев, «KEGOС» АҚ Ақмола аумақтық электр тораптарының басшысы:

– Мұның бәрі Ұлттық электр желісінің үздіксіз жұмыс істеуіне қажет процедуралар. Өйткені күз бен қыстағы жүктемеге станция жабдықтары шыдамды болуы керек. Электр желілік нысандарды суыққа дайындау жұмыстары сапалы және уақтылы аяқталады деп ойлаймыз.

Жұмыс аяқталған соң барлық есептік құжат күзгі және қысқы кезеңге өтуге әзірлік төлқұжатын алу үшін еліміздің Энергетика министрлігіне жолданады. Алдағы күзгі-қысқы кезеңде электрмен жабдықтау сенімділігі желілердің дайындығы сапасына байланысты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Досхан Қораз