Петропавлдық оқушы саяжайда қырғауыл, бөдене, әтеш, тауықтың асыл тұқымды түрлерін ұстайды

Ирина Фишбух – қаланың қызы. Ол осыдан 3 жыл бұрын қараусыз қалған саяжайды алып, ескі үйін қалпына келтірді. Ауласын абаттандырды. Қоңыр күзде кетуге қимай қыстап қалған. Содан бері осында.

Тылсым табиғат Иринаның жан-жануарларға деген қызуғушылығын оятты. Қазір ол қырғауыл, бөдене, әтеш, тауықтың асыл тұқымды түрлерін ұстайды. Әрқайсына бөлек-бөлек қора салған.  

Ирина Фишбух, қала тұрғыны:

- Мына бір тауық мүлдем ұша алмайды. Оның ерекшелігі жүні осылай мамықтанып тұрады. Еті мен сүйегі қара болады. Қолға тез үйренеді. Өте әдемі құс.

Ал, бұл – Камерунның ергежейлі ешкілері. Ирина оларды Алматыға барып алып келген. Содан өзі сауып үйреніп, қазір түрлі ауруға ем сүт ішеді. «Енді ешқайда да кетпеймін», - дейді ол.

Ирина Фишбух, қала тұрғыны:

- Қалаға қайтып бармаймын. Бұл жерде уақыттың өзі басқаша өтеді.  Маған осында болған ұнайды. Табиғат өмірді сезіндіреді.

Қазір оның қала шетіндегі кішкентай ғана үйінен қонақ үзілмейді. Жанға жайлы саяжай туыстары мен достарының іздеп келетін жеріне айналған.

Милана Нұржанова, қала тұрғыны:

- Маған мұнда бәрі ұнайды. Әсіресе, иттерді жақсы көремін. Осында ойнаймыз, жүгіреміз.

Қазір Ирина қайда барса да үйіне асығып тұрады. Енді ол жылыжай тұрғызып, жеміс-жидек, көкөністерді егуді қолға алмақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев