Қостанай облысында кәсіпкер мемлекеттік қолдауға мұқтаж

Гүлсім Ілиясова тігіншілікті анасынан үйреніпті. Кішкентайынан құрақ құрап, көрпе тігуді жақсы меңгерген ол өз ауылында тез-ақ танылған. Келіп тапсырыс берушілер көбейген соң, бертін келе жеке ісін ашуды ұйғарыпты. «Бастау-бизнес» курсын бітіріп, 500 мың теңге несиеге тігін машинасын, маталар сатып алады.Тұрмыстық заттардан бөлек, ұлттық нақышта той, сахналық, балалар киімдерін тігеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлсімнің бұл тірлігіне ауылдастары риза. 

Дамира Чайділдина,  Новотроицк ауылының тұрғыны:

- Өзіміздің ауылдан осылай сатып алып, тойға да керек. 215431 дорба және де қыздың жабдықтары, сандық, көрпе. Бәріде осылай заказ береміз. Және де мектепке заказ жасаймыз.

Алайда сол сегіз жыл бұрын бастаған ісі әлі өрге басар емес. Айналымға ақшасы жетпейді, Жалғыз машинкамен үлкен тапсырыстарды үлгірте алмайды. Сондықтан бас тартуға мәжбүр. Кредит алайын десе ауылдағы үйі кепілдікке жарамайды. Сол себепті өндірісті кеңейтсем деген ойы  әзірге қол жетпес арман боп тұр.  

Гүлсім  Ілиясова, кәсіпкер:

- Кепілге қоя алмаймыз. Біз мен үйді қойдым, машинаны жарамайды дейді. Сол миллион ғана шығады. –Ал Сізге қанша керек? –Маған 3-4 керек, ол миллионды тауарға кетсе, оған миллион ақшасын беру керек қой. Ал мен бар ақшамды, кірістің барлығын. Көрпеге материал алып қоям, артық ақша жоқ.

Ауылда Гүлсімнің күйін кешкен кәсіпкерлер аз емес. Мамандардың айтуынша екінші денгейлі банктер шағын елді мекендердегі бизнес өкілдерімен жұмыс істегісі жоқ.

Айгүл  Есентемір,  Қостанай облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы: 

- Негізінен ауылдық жердегі кәсіпкерлік, ол-шағын бизнес. Бірінші кезекте  оларды қинайтын басты мәселе, қаржы жетіспеушілігі. Қосымша қаржыландыру тетіктері бар. Бірақ оны бәрі бірдей біле бермейді. Бізге келсе, мемлекеттік қолдаудың жолдарын, тәртібін  түсіндіріп, көмек көрсетер едік.

Шындығында Ұлттық жоба шеңберінде биыл мемлекеттік қолдаудың ауқымы артқан. Егер бұрын ауылдық және шағын қалалардағы кәсіпкерлерге субсидия 6 процент өсіммен берілсе, қазір бесеуге түсірілді. Сондай-ақ банкке қояр мүлкі жетіспесе, мемлекет несиенің 85 процентіне кепілдік ететін болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг