Елордада егіздер шеруі өтті

Бүгін Елордада ерекше шеру өтті. Балалар жылы аясында триатлон паркке егіз, үшем тіпті төртем туған аналар бүлдіршіндерімен жиналып, бір-бірімен танысты және көңіл көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Триатлон парк бүгін балабақшаға айналғандай. Белсенді ата-аналардың ұйымдастыруымен 150-ден астам отбасы жиналып, бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Басты мақсат егіз балаларды бір-бірімен таныстырып, достық қатынас қалыптастыру.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Егіздер шеруіне екі жастан бастап 18-ге дейінгі жеткіншектер шақырылған. Олардың ішінде Асхат пен Салтанаттың отбасы ерекше көзге түседі. Себебі бес жыл бұрын жас жұбайлар бірден төрт баланың ата-анасы атанды. Төртемнің екеуі ұл, екеуі қыз. Барлығы дін-аман өсіп келеді.  

Салтанат, төртемнің анасы:

Үйленгеннен кейін төрт жыл күттік осы балаларды. Алла беріп тұр ғой, төрт жыл өткен соң жылына біреуден берді ғой. Беске толдық. Балабақшаға барамыз. Ендігі жылы мектепке дайындаламыз. Балалардың аттары Арсен Әлихан. Диляра Әделя.

Бастама биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Алғашында оншақты отбасы ғана қатысқан. Бүгін 150-ден асты. Келе алмай қалғандары қаншама? Жиналғандар ортақ суретке түсіп, аниматорлармен бірге билеп ән салды. Бірақ ел ертеңі жас буынға арналған шара тек орыс тілінде өтті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Ақылбек Есімсейітов