Түркістанды төртінші мегаполиске айналдыру әзірге жоспарда жоқ – Шөкеев

Бірақ қаланың туризм саласында көш бастағысы бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру кездесуінде өңір басшысы көне шаһардағы халық саны 200 мыңнан енді асқанын тілге тиек етті. Биыл облыстың құрылғанына 4 жыл толды. Ондағы халық саны 2 млн. Әкімнің сөзіне сенсек, көп салада өсім бар.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 707,8 млрд, ауыл шаруашылығы 906,5 млрд теңгеге жетті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд теңге болды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 5 айда оң өсім сақталды. Түркістанды төртінші мегаполиске айналдыру жоспарда жоқ.

Мәселелер де жоқ емес. Өмірзақ Шөкеев аймақта 3 млн га жайылымдық жер тапшылығы барын жасырмады. Былтыр 130-дан астам елді мекенге шамамен 136 мың гектар алқап ортақ жайлауға бекітіліп берілді. Енді жүзден астам ауылдық округ тұрғындары жалпыға бір жайылымды пайдаланады. Өңірдің 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, осындай жайылым аумағын шамамен 2 млн 900 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Биыл екі бағыт бойынша қосымша 1 012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, жыл соңына дейін ортақ жайылым аумағын 1 760 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған жайылым жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен 405,2 мың га, екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылармен меморандум арқылы 606,8 мың га қайтару жоспарланды. Қазіргі таңда 14 мың га жайылым жері мемлекет меншігіне қайтарылып, 85,1 мың га қатысты меморандум түзілді.