Ақтөбеде 42 көшеге асфальт төселеді

Облыс орталығында 8 жолақты жол құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік даңғылы енді шаһардағы ең кең көше болады. Алайда қаланың ескі ауданының тұрғындары ұмыт қалдық, деп наразылық білдірді. Себебі Ақтөбенің іргетасы қаланғалы асфальт төселмеген жолдар бар. Әсіресе Мәскеу мен Құрмыш, Сүт зауыты ауданы жазда шаңы шығып,көктем мен күзде балшыққа малынып жатады. Көлігі күнделікті қалтқысыз қызмет ету үшін Асхат Тәжікенов жылына бірнеше мәрте автомеханик мамандарға жүгінеді. Жоспарлы техникалық байқаудан бөлек дөңгелегі мен жұмыр тірегі, тағандары сияқты жолдың кедір-бұдырынан көп зақым алатын тұсын жиі жөндеуге мәжбүр. Себебі өзі тұратын Мәскеу көшесінде кеңестік кезеңнен асфальт жаңармаған.

Асхат Тәжікенов, қала тұрғыны:

Былтыр біраз көшені асфальттады. Ал мына көшені асфальттаған жоқ. Әсіресе ана жағы жаман. Жыл сайын күтесің, қашан болады деп жақсы жол. Көктемде қайтадан еріп кетеді.

Көрші Станция көшесінің де кейпі сол. Ойдық-ойдық жолда көлік түгілі, жаяу өтудің өзі мұң. Ал Локомотив көшесін коммуналдық қызметтер былтыр лекерлеп, топырақ төккенімен жағдай түзеле қоймаған. Сондықтан тұрғындар уақытша шара қолданып шығынға батқаннан, біржола асфальт төсеп беруді өтінеді.

Бақытжан Жоламанова, қала тұрғыны:

Әкім ауысқанда шамалы мына жерге топырақ төгіп, тазалап еді. Енді көрдіңдер ғой жолдың қандай екенін? Мына араға такси келмейді. Жаңағы көшелерің жаман деп. Енді тротуардың кескіні мынау. Тым жақсы қылып салып еді, ол батпақ болып мына балаларымыз анау көшенің басына жеткенше, батпақ кешіп барады. Жедел жәрдем келе алмайды. Такси келгенде де мына жаққа келмейді. Анау жерге келіп тұрады.

Қала билігі биыл Ақтөбеде 100 шақырымнан астам жол салынып, 42 көше жөнделеді дейді. Бұл мақсатта бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соңғы жылдары бұрын асфальт төселмеген тұстар да назарға іліккен. Сондықтан биыл жолы түзелетіндер қатарында Мәскеу мен Станция, Локомотив көшелері де бар деп сендірді.

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:

– Негізінен күрделі жөндеу облыс орталығы маңындағы елді мекендердегі қоғамдық көлік жүретін көшелерде жасалады. Себебі ол жерлерде асфальт атымен жоқ. Орташа жөндеу жасалатын барлық көшеге шамамен 3 миллиард теңге бөлінеді. Мәселен, Молдағұлова көшесінің құны бір миллиард теңге болса, биыл тек 100 млн теңге игеріліп, Бәйішев көшесінен Мәңгілік елге дейінгі бөлігі жөнделеді. Есет батыр және Тургенев көшелерін де ретке келтіруді жоспарлап отырмыз.

Биылғы көктем жаңбырлы болғандықтан жол жөндеу жұмыстары әдеттегіден айтарлықтай кеш басталып отыр. Сондықтан қазір негізгі күш шаһардың негізгі көшелеріне салынған. Мәселен, Тәуелсіздік даңғылы құрылысы қарқынды, Батыс-2 шағын ауданындағы көлік кептелісін азайтуы тиіс. 8 жолақты көше толығымен қолданысқа алдағы жылы беріледі.

Марлен Әуелбаев, мердігер компания өкілі:

– Төрт жолағы ашылады, сол жақ бөлігі маусым айының аяғына дейін ашылады. Қалған бөлігін, Шоқайға барып, соны істейміз. Алты жолақты. Содан кейін қайтып келіп, 4 полосаны, оң жағын істейміз.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Тәуелсіздік даңғылының ұзындығы 3 шақырымға жуық. Жағалай орналасқан түрлі бизнес нысандарымен қатар саябақтар да бар. Ортасындағы отыз метрлік жасыл аймақ та абаттандырылып, жаяу жүргіншілерге жағдай жасалады. Жыл соңына дейін Батыс-2 шағын ауданының орталығы мен шаһардағы ең үлкен көшеге айналуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков