Сан соғып қалмаңыз! Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды 

admnvrsk.ru

Жұртты алдап, әбден әккіленіп алған алаяқтар жаз шыққалы қулықтың жаңа тәсіліне көшкен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде жарнама сайттарының парақшасын ашып, арзан туристік жолдама ұсынады. Ал демалысқа шығып, тиімді тур іздеген тұрғындар ақшасын бірден аударып, сан соғып қалады.

Соңғы уақытта Елена Прасоловаға алаяқтар жиі хабарласатын болған. Қаскөйлер алдымен оның ұлын алдамақ болады. 16 жастағы жасөспірім дер кезінде телефонды үйдегі үлкендерге беріп үлгерген. Әйтпегенде, адам психологиясын әбден білетін алаяқтар жасөспірімді алдап кетер ме еді. Банк қызметкері болып қоңырау шалатындар сұрақтың астына алса, бірден байланысты үзетін болған. Ал осыдан бірнеше апта бұрын кейіпкерімізге жалған-полицей де хабарласады.

Елена Прасолова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды деп хабарласты. Жалған құжаттар жасаумен, алаяқтық дерегімен айыпталасың деп жалған айдар тақты. Мен қандай құжат екенін сұрағанымда, сенімхат расталғанын хабарлады. Мен шынымен сеніп қалдым. Сол үшін сол сәтте полиция қызметінің ресми нөмеріне хабарластым. Қазір есіңді шығармай, ақылға салу керек. Алаяқтар көп.

Демалыс маусымы. Иә, алаяқтардың осы күндері алақаны майланады. Қам-қуыт тірліктен босаған тұрғындар саяхатқа асығамын деп, қалтасы шашылғанын көріп жүрміз. Мұндай кезде адамдар арбауға оңай түседі. Мәселен, жақында дәл осы Петропавлда үш тұрғын алаяқтардың құрбаны болды. Олар әлеуметтік желі арқылы саяхат турына тапсырыс беріп, уатсап желісі арқылы байналысқан. Мобильдік қосымшамен қажетті қаржыны аударып, артынан жалған менеджердің ізін де таппай қалыпты. Жалған менеджер ізім-қайым болып, уатсапты бұғаттап тастағанда алданғандарын біледі. 

Инна Рей, Қазақстандық туристік агенттіктер ассоциацияның президенті:

- Алаяқтықпен айналысқысы келетіндер үшін барлық құрал бар. Олар жылы сөйлейді, түрлі ақпаратты ұсына алады, төлем жасаудың түрлі жолдарын ұсынады. Бірақ туристер үшін нақты қауіп-қаражаттың жоғалуы және саяхаттың бұзуылуы.

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтық амалдар жыл өткен сайын түрленіп келеді. Дегенмен алаяқтарды анықтау қиын емес. Біз айтқан оқиғалар секілді олар алдын ала төлемді талап етеді. Сондықтан ешқашан алдымен ақша аудармау керек. Арбаудың тағы бір жолы - билет сатуға арналған фейк-сайттар. Кибералаяқтар ресми қызметтердің интервейстерін ұрлап, өздерінің жалған сайтына жайлы бағамен орнатып қояды.

Жанар Мұғалова, ІІМ киберқылмыспен күрес орталығының аға жедел уәкілі:

- Әдетте, алаяқтар туристік фирмалар атынан жарнамалар орналастырады және төмен бағамен жолдамалар ұсынады. Олар өз қызметінде үшінші тұлғаларға рәсімделген ауыстыру нөмірлерін, бір күндік нөмірлерді, карточкалық шоттар мен банк карталарын пайдаланады, орташа есеппен бағаны 200-00 мыңға дейін төмендетеді.

Онлайн билетті тек сенімді қызметтерден алған жөн. Туристік агенттіктермен де дәл солай. Ал олардың қаншалықты сенімді екенін «Туристік қамқор» сайтынан тексеруге болады.

Инна Рей, Қазақстандық туристік агенттіктер ассоциацияның президенті:

- Кез келген компаниямен келіспес бұрын олардың туркодтары бар ма деп сұраңыз. Бұл сапар барысында болатын барлық мәселелерден сақтандыру. Сіз осы кепілдендірудің қорғауында боласыз. Егер олар сізге ақша керек деп айтса, сенбеңіз. Туркод үшін ақшаны оператор төлейді. Әрқашан бағаны бақылаңыз. Егер сіз агенттікке бірінші рет жүгінсеңіз, салыстырыңыз, егер бұл бағалар әр түрлі болса, онда бұл алаяқтық. Нарықтағы орташа баға бірдей.

Жыл басынан бері елімізде мың жарым киберқылмыс тіркелген. Алайда құзырлы органдар мұндай алаяқтардың ізіне түзу оңайға соқпайтынын айтады. Сол үшін барынша сақ болып, интернеттегі қауіпсіздіктің алғы шарттарын біліп жүру керек.

Бекзат Аманов, С. Рахимбай, А. Горшняков