Петропавлда иесіз иттерді қорғауға арналған қайырымдылық акциясы басталды

Петропавлда иесіз иттерді қорғауға арналған қайырымдылық акциясы басталды

Петропавлда «Мейірімді табан» деп аталатын қайырымдылық акциясы қолға алынды. Яғни осы бір қоғамдық жоба аясында қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер алдағы үш ай бойы тұрмыстық қалдықтан түскен пайдасын ит-мысықтарды асырауға жұмсайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

«Ит – адамның досы» деуші еді, бірақ бұл жерде олай айтуға аузың бармайды. Мысалы, мына иттерді иелері далаға қаңғыртып жіберген.

Қазір бұл жерде 500-ге жуық ит бар. Олардың күнделікті тамағы, жыл сайын салынатын екпелері мен жұмысшылардың айлығы бар, бәрін санағанда айына кем дегенде 2 млн теңгеге жуық қаржы керек. Қазір ол да жетпей жатыр. 

Екатерина Королёва, иесіз иттерге арналған баспананың директоры:

– Соңғы жылдары иесіз иттерді ұстау тіпті қиын болып кетті. Біз тек қайырымдылықтан түскен қаржыға күн көреміз. Қазір жиналатын ақша тамақтары мен жұмысшылардың айлығына ғана жетеді.

Қиын жағдайға тап болған иттерге адамдар көмекке келді. Қоғам белсенділері «Мейірімді табан» акциясын бастап, кәсіпкерлермен келісімшарт жасасты. Енді тұрғындардан жиналған макулатура, пластмасса бұйымдар мен электронды құрылғылардың ақшасы бірден осы ұйымға аударылады.

Қайыржан Айсин, «Birgemiz: Ayala» жобасының менеджері:

– Біз адамдарды үй жануарларына қамқорлық танытуға шақырамыз. Міндетті түрде ақша аудару емес. Үйдегі ескі қағаздарды да тапсырып, қол ұшын созуға болады. Сондықтан көпшіліктен көмек күтеміз.

«Петропавлда бастау алған қайырымдылық акциясы еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында да жалғасын табады», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов