Шымкентте көп балалы отбасылар баспаналы болды

Шырайлы шаһарда 90 көп балалы отбасы баспанаға қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік елорда күніне орай осындай тосын сый жасады. Жаңа тұрғын үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған. Қалада мереке қарсаңында Адырбеков көшесі мен Қонаев даңғылының бір бөлігі ашылды.

Гүлайым Жапарқұлова бұл сәтті 7 жыл күтті. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған көп балалы отбасы бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Олар жаңа үйден баспаналы болды.

Гүлайым Жапарқұлова, қала тұрғыны:

60 мыңға пәтер жалдадық 3 бөлмелі. Сол енді әр пәтерімді тұрған пәтерімді айтпай-ақ қояйын. Бірақ қиналдық шамалы. «Сабыр түрбі – сары алтын» демекші бүгін, міне, қуанышты күнге жетіп отырмыз.

Жаңа қонысқа 90 көп балалы отбасы ие болды. Пәтерлер дап-дайын күйде тапсырылды. Енді тек ішін жиһазбен толтыру ғана қалды. 

Жанат Өтебаева, қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:

– Арендалық үймен жылдың соңына дейін 1605 пәтермен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар басқа бағдарламалар бар кредиттік бағдарламалар. Ол бойынша 1524 пәтермен қамту жоспарланып отыр.

Бұл күні жүргізушілер де бір қуанып қалды. Енді олар тақтайдай түзу Адырбеков көшесімен жүре алады. Қазір мұнда екі қабат асфальт төселді. Биыл Шымкенттің жолдарын жөндеуге 34 млрд теңге бөлінген.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

Ең бастысы күштің бәрін біз мына елді мекендерге беріп жатырмыз. Шағын елді мекендерге. Жыл бойы жасалмаған ең алдымен орта жолдарға күш салдық. Мына орталық жолдарына. Соны мынау қазан аяғына дейін 100 процент аяқтап шығамыз.

Мереке қарсаңында Қонаев даңғылының техникалық ашылуы да болды. Қазір оның үшінші кезеңі жөнделіп біткен. «Бұл болашақта қала көшелерінің күретамырына айналады», – дейді әкімдік қызметкерлері.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов