Теңіз кенішіндегі апаттың себебін арнайы комиссия анықтайды

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына қажетті материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны облыс әкімі айтты. Бүгін кеніште жарылыс болып, мердігер мекеменің екі қызметкері қаза тапты. Олар 1985 жылы туған Жылыой және Исатай аудандарының тұрғыны. Ал жарылыстан зардап шеккен 3 қызметкердің бірі Қызылорда өңірінің тумасы екен. Жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жамбасы сынып, аудандық ауруханаға жеткізілген бір жұмысшы үйіне шыққан. Оқиғаға қатысты облыс әкімі Серік Шапкенов шұғыл жиын өткізді. Оған «Теңізшевройл», Төтенше жағдайлар және Полиция департаментінің өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысты. Облыс әкімі қаза болған жұмысшылардың туыстарына көңіл айттты.

Асхан Байдуәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Төртінші жарақат алған жұмысшы Жылыой аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Ол кісінің жамбасынан жарақат алған. Оған да толықтай көмегі көрсетіліп жатыр. Жағдайы орташа тұрақты. Бесінші зардап шегуші кен орнындағы «ТШО клиникасы» мед.мекемесінде психологтармен психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.