Киік аулау: проблема бойынша ортақ шешімге келу оңай болмайды

Жайық өңірін мекендейтін киік саны биыл 800 мыңнан асты. Ал жыл соңында мораторий мерзімі аяқталады. Шаруалар ақбөкенді азайтуды сұрап отыр.

«Жабайы жануарлар жайылым мен шабындықтан түк қалдырмады», - дейді жұрт. Министрлік биологиялық негіздеме бойынша киіктің 10% ауланатынын мәлімдеді. Алайда бұл тәсіл ақбөкен санын реттеуге қаншалықты мүмкіндік береді? Сарапшылар дала жануарын аулайтын уақыт әлі жетпегенін түсіндіріп әлек.

Бұрын киіктер Жәнібек, Бөкей Ордасы және Қазталов аудандарын мекендейтін. Ал қазір ашатұяқтылардың өрісі едәуір кеңейгені байқалады. Енді сахара кербезі біреуге киік, біреуге күйік бола бастады. Онсыз да қуаңшылық салдарынан шөпті жүздеген шақырым қашықтықтан шауып, тасып жүрген фермерлер енді одан да айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

Нұх Хайыров, шаруа қожалығының басшысы:

- 2-3 жылдан бері бұл жерге шөп шықпай қуаңшылық болып тұрған. Биыл жаңбыр болып қуанып отырғанбыз. Биыл енді  шабындығымызды тап осылай қылып кетті.

Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Халық қарсы емес киікке. Просто санын азайту керек. Болды, уақыты келді. Ауданда ақшамызды жұрттың бәрі кредитте отыр мал шаруашылығын көтереміз деп. Мал азығы жоқ, үлкен проблема бұл деген. 

Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының күретамыры. Ал төрт түліктің 65%-і осы киіктер көшіп-қонатын 6 ауданда. Сонымен қатар егін шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардан да тыныштық қаша бастады. Өйткені дәл қазір ақбөкендер егістік жерлерге қарай көшіп жатыр.

Наурызбай Қарағойшин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс көлемінде 15 миллион 134 мың гектар жеріміз болса, жаңағы оңтүстік аудандардағы 6 ауданда соның 10 миллион гектары сол жерде. Соңғы 2 айда келтірілген залал 1 миллион 2500 гектар. Соның ішінде шабындығы 34 мың гектар деп анықталып жатыр.

Киіктердің санын реттеуге қатысты қоғам пікірі қақ жарылды. Шаруалар құптаса, сарапшылар ұқпай дал. Табиғат жанашырлары ақбөкендерді аулайтын уақыт әлі жетпегенін айтып шырылдап жүр. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу және күрежолдар салу кезінде жабайы жануарлар миграциясы ескерілмегенін айтады.

Нұрлыбек Рахман, сарапшы:

- Фермерлердің бәрі өзен-көлдердің маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан сол жерге барады. Сондықтан жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Кезіндегі киіктердің мекені де шаруаларға ретсіз таратылған. Ал жоғарыдағы жауапты орындар бұдан хабарсыз. Ал сол жерді үлестіріп берген аудан әкімдіктері фермерлерді қолдап, бүкіл кінәні киікке аударып жатыр.

Ал кәсіпкер Батыр Сейкенов ақбөкендерді енді азық-түлік нарығына, туризм және медицина саласына қолдануды ұсынды.

Батыр Сейкенов, Аңшылар мен балықшылар ұлттық палатасының президенті:

- Біріншіден, ол трофейная охота. Оған шетелден кісілер келеді. Екінші пайдасы ет туралы. Өте арзан ет болады біздің халыққа. Мүйіз! Мүйіз деген былай айтқанда біздің Азия, Қытай, Южная Кореядағы традиционная медицинасына өндіреді. Төртінші, тағы терісі бар.

Белгілі эколог Сәкен Ділдахмет ақбөкендерді зерттеу жұмыстарының мардымсыз екенін алға тартып отыр. «Он шақты жыл бұрынғы белгісіз індет қайта дендеп, киік қырғыны жалғаспасына кепілдік жоқ» дейді ол. 

Сәкен Ділдахмет, эколог:

- Киіктер негізі түбегейлі қандай аң екенін ғылыми тұрғыда білмейміз әлі. Толық зерттеу жүргізілген жоқ. Қаражаттың жоқтығы, мамандардың кәсіби біліктілігі жетпеуі, дұрыс көңіл бөлмеуі салдарынан. «Қазір киікті атамыз, ойбай, көбейді» деп жатырмыз ғой. Ертең бір күнде ауру ошағы пайда болатын болса, бар киіктен айырыламыз. 100 пайыз популяция киік Қазақстанда мекен етеді. Бұл әлем алдындағы жауапкершілік. 

Бақытжан Исақаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Ол зерттеулерді қалай жүргіземіз, егер оны атып алмасақ? Оны атып алынғаннан кейін етке тапсырғаннан кейін одан ақша түседі. Ол ақшаны осының зерттелуіне, әрі қарай нақты қадамдарын нақтылауға жұмсалынады ғой.

Әупірімдеп әрең көбейген киіктер, шығынға батқан шаруалар, қақ жарылған қоғам пікірі. Түйткілдің түйінін тарқатуда ортақ шешім қабылдау оңай болмағалы тұр.

Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов