Ұлытау облысында көтерме сауда және тарату орталығы ашылды

Жезқазған-Ұлытау аймағының тұрғындары енді тамақтан тарықпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түліктің мол қорын сақтауға мүмкіндік беретін алғашқы көтерме-тарату орталығы ашылды. Заманауи сауда алаңының аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Ет, көкөніс, басқа да өнімдерді сақтауға арналған тоңазытқыш камералар, терминалдар орнатылған. Өңірдің фермерлері мен диқандары, бағбандары өнімдерін осы жерде сақтап, еш делдалсыз саудалай алады. Бұл бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Орталық жылына 13 мың 800 тонна азық-түлікті қабылдауға дайын, 350 тоннасы ет. Жобаны жүзеге асыру аясында жаңадан 55 жұмыс орны ашылған.

Берік Әбдіғали, Ұлытау облысының әкімі:

- Білесіздер бізде нарыққа тауарлар әкелудің алшақтығын. Қарағанды 500 шақырым, бір жағымыздан Қызылорда жақта әлі жол жасалып жатыр. Сондықтан бағаның тұрақтануына осындай орталық бізге керек. Болашақта бір айлық, екі айлық запастағы азық-түлікті ұстап тұруға болады. Ертең қысқы борандарда жол жабық болса да алдын ала ойластырып жасаған.