Шымкентте Шаолинь мектебінің шәкірті тұрады

Болатбек Нұрмановтың жасы 70-ке таяған. Қазір де жер үй ауласында кунг-фу тәсілдерін қайталап, жаттығып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастық шағы әскери қызметте өткен. Гуанчжоудағы ғибадатханаға өткен ғасырдың 80-жылдары барады. Аспан асты елінде 4 жылдай тұрып, қойын-қолтық ұрыстың қыр-сырына қанығады. Атамекенге оралған соң шәкірт тәрбиелеуді қолға алып, ұстаздық қызметін әлі жалғастырып келеді. Болатбек атай биыл 68 жасқа толады. Қарттығына қарамастан санасы сергек, қимылы ширақ. Қызмет бабымен Шаолинь мектебіне барған кезде өзі қатарлас шәкірттермен күш сынасып, шаршы алаңға да шыққан. «Ғибадатханада қиын сынақтардан өтуіме жастайымнан спортпен шұғылданғаным септігін тигізді», – дейді ол.

Болатбек Нұрманов, шығыс жекпе-жек өнерінің шебері:

– Спортқа қызыққаннан кейін 1979 жылы Қытайда сол өнер, сол у-шу мода еді, соған баруға мұқтаж болдым. Шекара аймағы ол – Лаос, Въетнам, Қытай ең сол экзотикалық жердегі Шаолинь монастрында тәрбиелендім 3,5 жыл.

Кеңес дәуірінде Болатбек Нұрманов әскери барлаушы болған. Ғибадатханаға құпия тапсырмамен барғанын айтады. Сол жерде кунг-фу спортының «Әбжылан», «Қара мысық» және «Дәуіт» атауымен әлемге танымал әдістерін меңгереді. Ушу-саньда бойынша Қытайда өткен әлемдік жарысқа қатысқан. Ақтық кезеңінде қарсыласын есінен тандырып, чемпион атанады.  

Болатбек Нұрманов, шығыс жекпе-жек өнерінің шебері:

– Баяғы КСРО уақытындағы азанда тұрып, 3 километр-5 километр жүгіру деген дұрыс емес. Азанда тұрып адам өзінің денсаулығына пайдалы, өзіне керекті барлық жаттығуларды істеп, денесін босатып, қан жүгіртіп сондай қимылдарды жасап адам ширақтана бастайды.

Кунг-фу шебері ғибадатханада түрлі жаттығуларды жасап шыныққан. Саусақты жерге тіреп кеудені көтеру, оттан өту, бір аяқпен тұру тәсілдерін қазір де қайталауға әзір. Айтуынша, Шаолинь шәкірттерінің су бетімен 5 метрге дейін жүгіріп өтуі асқан шапшаңдықты білдіреді.

Болатбек Нұрманов Шаолинь мектебінде киген киімдері мен ұрыс құралдарын елге алып келіпті. Арнайы форманы шәкірттеріне сыйлаған. Қазір олар шығыс жекпе-жегі бойынша түрлі жарысқа қатысып, ұстаздың мерейін асқақтатып жүр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов