Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 2500 адам жер кезегінде тұр

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының 2 жарым мыңдай азаматы жеке үй салу мақсатында жер телімін алу үшін кезекке тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен аумағы жыл сайын кеңейіп келеді. Өйткені тұрғындардың көбеюі байқалып отыр. Дегенмен, 15 жылдан бері 10 сотық жерге қолы жетпей жүргендері де аз емес. Алтын Камалова жеке тұрғын үй салу мақсатында жер алу үшін кезекке 2007 жылы тіркелген. Сондан бері 15 жылдай уақыт өтіпті. Қазір тізімде 530-шы болып тұр екен. Көп балалы ана ұлдарының біріне үй салып, еншісін бөліп, шығарғысы келеді.

Алтын Камалова, Жалағаш кентінің тұрғыны:

Менің қазір 3 ұлым бар. Сол 3 ұлымның біреуіне үйді салып, өз бетінше үй қылып қою. Электричество жүргізілсін деді, су бару керек, газ бару керек. Сосын жер бөлінеді сол кезде кезекпен аласыз деді. Нақты қай кезде берілетінін айтқан жоқ.

Жалағаш кенті маңынан 2007 жылдан бастап жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері беріле бастаған. Сол уақыттан бері «Береке» және «Дәуімбай» қоныстану аймақтары дайындалып, 450-дей отбасына 10 сотықтан жер телімі үлестірілген. Алайда Алтын Камалова секілді Жалағаш кентінде әлі 2 жарым мыңдай азамат жер кезегінде тұр екен. Олардың бір бөлігіне 2024 жылдан бастап жер телімдерін беру үшін аумағы 170 гектарды құрайтын «Ақтерек» шағын ауданы ашылатын болады, дейді мамандар.

Қайрат Жаппасбаев, Жалағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Негізі 800-дей отбасына беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде 511-і жеке тұрғын үй құрылыстары. 70 коттедж бар, сосын 26 екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлер салу. Сол кезде 800-ге жетіп қалады. 

Жаңа қоныстану аймағында бүгінде 1200 текше метрлік қоймасы бар су ұңғымасы қазылып жатыр. Жыл соңына дейін электр және су жүйелері тартылса, келесі жылы жолын салып, газ жүйесін жүргізу жоспарланған. Осылайша тек 2024 жылдан бастап қана 500-дей азаматқа жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі беріледі екен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов