Жаңатас тұрғындары жол азабын тартып отыр

Жамбыл облысындағы моноқала Жаңатастың жеке секторында тұратын адамдар жол азабын тартып отыр. Қарлы, жаңбырлы күндері балшыққа тізеден батады, жүру мүмкін емес. Қала ішіндегі жолдарға асфальт төселетін күн қашан туады? Тұрғындар осылай сауал қоюда.

Жаңатас қаласындағы жеке сектор тұрғындары жаз мезгілін жақсы көреді. Өйткені мұндағы 5 көшеде қатты жамылғылы жол жоқ. Күз мезгілі мен көктемде бұл көшелермен жүру мүмкін емес. 

Мая Есенбекова, қала тұрғыны:

- Бала-шағамыз балшыққа батып мектепке барғанда міне көшеміздің сиқы мынау. Тізеден батпақ. Қыстың күні бораннан шыға алмаймыз үйден. Боранда басып қалады көшемізді. Мында мусор. Анау жерде пәленбай мусор жиналып жатыр.

Жолдың жоқтығы жүргізушілерге де қолайсыздық туғызып отыр. Өйткені олардың автокөлік жөндеу станциясына жиі баруына тура келеді. Оның үстіне көшелер өте тар. Тұрғындардың пікірінше, ауыз су, кәріз құдықтары да дұрыс орнатылмаған. 

Ғабит Әжібеков, қала тұрғыны:

- Мынау канализация, мынау су құбыры. Мына канализацияның крышкалары жоқ. Крышкаларының бәрі ұшып кеткен. Мынау ағаш болып қалған. Мына жерден машина жүрген кезде не кіре алмаймыз. Батпақ мына жерде еріген кезде не былай, не былай машина жүре алмайды. 

Орынбек Әлібаев, қала тұрғыны:

- Канализация қазды, тегістемей кетті. Ауызсуды істеді, тегістемей кетті. Машинаны былай негізі айына 3-4 рет СТО-ға барып, ходовкасын жөндетеміз. Проблема жетіп жатыр...

Жергілікті атқарушы билік өкілдері «жолдар биыл да, алдағы жылы да жөнделмейді деп отыр. Өйткені алдымен мұнда газ кіруі тиіс. Сол себепті көшелерді жарықтандыру жұмыстары да тоқтап қалған. Жаңатасқа көгілдір отын алдағы жылы тартылады. Әкімдіктегілердің айтуынша, көшелерге жуық арада қиыршық тас төселеді. 

Талғат Төлебаев, қала әкімінің орынбасары:

- Қатты ойылып кеткен 10 көше бар. Сол 10 көшеге біз жаңағыдай тұрғындардың өтінішін алғанбыз, жобалық-сметалық құжат әзірледік 3,2 миллионға. Сол жобалық-сметалық құжатпен қиыршық тас төсеп береміз. Мынау бұрынғы массив «Строитель» массиві, содан кейін жаңағы кіші қабатты мөлтек аудандар бар. Клачков, Панфилов, Байсеитов көшелері, Сәтбаев көшесі, Көксу көшесі бар. Сол көшелерге қиыршық тас төсеп береміз.

Жаңатас қаласында 76 көше бар. Соның тең жартысына жуығына қатты жамылғы төселмеген...

Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев