Жаркөлдегі жер дауы немен бітеді?

Қостанай облысындағы Жаркөл ауылында шабындық жер дауы ушығып тұр. Жергілікті халықтың айтуынша, жеке кәсіпкер үш жарым мың гектар жерді не өзі игермей, не өзгеге бермей отыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Облыста шабындық екі апта бұрын басталған. Ал Жаркөл ауылдық округінде мынау шөбі белден келетін құнарлы жерге әлі де орақ түскен жоқ. Егер мынау бидайық екі-үш күнде шабылмаса, оның сарғайып қурап қалу қаупі бар. Демек бұл шөп ертең халыққа да, осы жерді жалға алып жатқан кәсіпкерге де керек болмайды деген сөз.    

Өйткені халықтың жер иеленушімен қырық пышақ боп дауласқанына үш жыл өтті. Малдың аузы көкке тисе болды, шабындық мәселесі көтеріледі жылда. 500-ге жуық төрт түлік ұстайтын кәсіпкерге 3,5 мың гектар көптік етеді. Одан да бір бөлігін бізге бөліп берсін, дейді тұрғындар.

Руслан Байқадамов, Тәуіш ауылының тұрғыны:

- Жалданып ғана бару керек оған. Сұрағанын беру керек. Сонда береді. Сол келісе алмай отырмыз. Негізі тиісті шабындығы 126 га документ бойынша. Аудан әкімі де айтты. Жылда айтамыз, бірақ шешілмей жатыр. Сол 126 га белгілеп алып, қалғанын халыққа берсін деп халық сұрап отырмыз.

Жақында ауыл әкімі халық пен кәсіпкерге тиесілі жердің шекарасын айқындап берген. Сонда бірқатар кемшіліктің беті ашылды. Жер иесі қалың шөбі бар аумақты қоршап қойыпты. Ал тұрғындарға тақыр жер қалдырған.

Бақыт Төлебаев, Жаркөл ауылдық округінің әкімі:

- Халыққа деген жеріміз көріп отырсыз, мына жерде шабындық бар ма? Жоқ қой. Кішкене әрірек барамыз. Онда аздап бар. Бірақ жетпейді ғой. Өзіңіз ойлаңыз 1261 тұрғын бар. Соның бәрін қамтамасыз ету мүмкін бе? Мүмкін емес қой. Көп шабындық керек.

Қысқасы, халықтың қарамағындағы жер құнарсыз. Ал шаруа қожалығы алып отырған аумақ ортақ бөгет арқылы суарылады. Осылайша амалы қалмаған жаркөлдіктер іргедегі шабындыққа қол тигізе алмай әлек. Ақыры қыстың қамымен 50 шақырым жерден шөп тасуға мәжбүр.     

Ербол Бекбосын, қоғам белсендісі:

- Осының кесірінен халықтың шығыны пайда болады. Сосын бағаның өсуі осыдан шығады. Қазіргі күнде тиімсіз пайдалану фактілері бірнешеу боп тұр. Мысалы, жайылымдық жерлерді шауып жатыр. Шабындық жерлерге мал жайып жатыр. Өзіне жалға берліген жерді ол үшінші адамға 50/50, 60/40 жалға беру фактілері тіркеліп жатыр.

Ал аудандық әкімдік керісінше жер тиімсіз пайдаланып жатыр деуге негіз жоқ, дейді. Кәсіпкердің 3500 гектарына мал басы саны жетіп тұр.

Айдаралы Талпақов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары:

- Жеке кәсіпкер өзі жайылымдық жердің шабындық боп ауысқаны жөнінде био жасауы керек. Өзі ақша шығарып жайылымдық шабындыққа айналдыратын. Біз одан ақша шығара алмайды екенбіз. Біз соны анықтап бере алмай отырмыз. Бірақ келісіп айтқанбыз, халықпен дауласпай беретініңді бер деп. Ол келісіп тұр. Ол заң тұрғысында ертерек алып алған. Оған дейін халықтың малы азғантай болды. Енді халықтың малы көбейген кезде шөп шабу үшін соның жерін біздің жер дейді де халыққа алып беріңіздер деген дау шығып жатыр.

Қалай болғанда да бұл мәселеге тез арада нүкте қойылуы екіталай. Ашынған халық жердің тиімсіз пайдаланып жатқанын дәлелдеу үшін облыстық деңгейде тексеруді талап етіп отыр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров