Түркістан облысында балмұздақ цехы қоршаған ортаны ластап жатыр

Түркістан облысы Бірінші мамыр ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, кәсіпорын жер астындағы жасырын құбыр арқылы қалдық суды өзенге ағызған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мына видеоны ауылдықтар әлеуметтік желіге жариялаған. Осылайша айтулы мәселеге жұртшылықтың назарын аудармақ болыпты. Олардың айтуынша, ауыл жанындағы балмұздақ шығаратын цех жүйелі түрде лас суды өзенге құяды екен. Ал балалар сол бүлінген өзенге шомылып жүр.

Мафтуна Омарғалиева, ауыл тұрғыны:

Балаларымыз шомыла алмайды. Аллергия тасады химикаттан. Іші ауырады. Мен өзім кішкентай балам өткенде шомылдырғаннан кейін іші ауырып, құсып жатыр қазір.

Бадам өзені Төлеби ауданының 5 елді мекенінің үстімен ағып өтеді. Ластанған әрі күлімсі иісі бар суды малға беріп, егінді суарады. 

Меруерт Жұмаева, ауыл тұрғыны:

Күні-түні ағады, күні-түні. Сағат екіде келсең екіде, мысалы, біз өткенде келдік, көрейікші өзі қай жерден кеп жатыр осы сасық су деп келгеніміз де сағат төрт жарым кезінде ма түсқайта келген кезімізде беймарал ағып жатыр кәдімгідей, мотормен тұрып ағып жатыр. Мен соған өзім куәмін.

Ал балмұздақ цехының өкілдері тұрғындар уәжін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, өндіріс қалдықтары арнайы ыдыстарда жиналып, белгіленген орынға апарып төгіледі екен.

Ералы Ашрапов, «Балмұздақ» ЖШС заңгері:

– Бұл труба біздің қойған труба емес. Бұрынғы кеңес кезінен келе жатқан жатқан труба бұл. Өткендегі ағып жатқан әппақ суды молоковоздар алып шыққанда лотокқа құйып кеткен. Шайғанда өздерінің молоковозын шайып машинасын сол лотокқа құйып жібергенда. Негізі одан иіс шықпайды. Сүт қой. Сүттің жуылғаны сол. 

Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті балмұздақ өндірушілерге миллион теңгеге жуық айппұл салған.

Нұрбек Нышанов,Түркістан облысының бас санитарлық дәрігері:

– Хаттамада рәсімдеген кезде сол «Балмұздақ» мекемесінің басшысы барлық көрсетілген кемшіліктермен келісіп, өзі хаттамаға мақұлдаған түрде қол қояды. Соның негізінде біздің басқарма тарапынан арнайы қаулы шығарылып, республикалық бюджетке 310 айлық көрсеткіш көлемінде 1 миллион теңгеге жуық әкімшілік іс қозғап, айыппұл салынды.

Ханай Әшірбаев, Бірінші мамыр ауылдық округінің әкімі:

– Аудандық мәслихаттың шешімімен құрылған өкімге сәйкес алынады деп, яғни жою туралы айтылған. Қазіргі сөзге сенсек, мекеме басшылары құбырды аламыз деп уәдесін айтып отыр. 

Бүгінде ауданда құрамында әкімдік өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері бар жұмысшы тобы құрылды. Олар табиғатты ластап тұрған құбырды алып тастау жұмыстарын қадағалайды. 

Рауль Ғабитов, Нұрлан Жақыпбеков, Қуаныш Абуов