Атырауда ерекше балаларға арналған үйірме ашылды

Облыстық №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Балаға мейірім» жобасы аясында төрт үйірме өз жұмысын бастады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды еңбекке баулу, олардың ойлау жүйесін дамыту мақсатында жүзеге асырылған жобаға 32 бала қатысып жүр.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар қыштан түрлі бұйым жасап, тігінханада кесіп пішуді үйренеді. Жылыжайда көкөніс өсіреді. Оны уақытылы суарып, арамшөбінен тазартады. Құстарға жемін беріп, күтімін жасайды. Жаңа үйірмелер осылайша балаларды еңбекке баулып жатыр.

Анар Аюпова, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

- Қазір балаларды еңбекке бейімдеудің арқасында көптеген нәтижелерге жетіп отырмыз. Осы қазіргі таңда жылыжай ашып қойғанбыз. Көкөністерді егу, балалар соған жұмыс атқарып, өздері суарып, өздері соны күтіп-бағу деген жұмыстармен айналысуда.

Қазір орталықта тұрақты түрде 75 бала ем алады. Олардың 35-і стационарда, 40 бала күндізгі бөлімде. Балалардың жеке ерекшеліктеріне, диагноздарына қарай емдік массаж жасалады. Сондай-ақ дефектолог, логопед, психолог мамандар балалардың икеміне қарай үйірмелерге бөледі.

Анар Аюпова, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

- Өсімдіктерді күту, күтіп бағу, сондай жұмыстармен олар өсімдік пен арамшөптің айырмашылығын біле алады. Болмаса ұсақ моторикалары дамымаған, яғни сал ауруы бар балалар бар. Қолдары тетрапарез, гемипарез болып қалған балалардың қолдары, саусақтары жайлап дами бастайды.

«Балалар - елдің болашағы» қоғамдық бірлестігі балаларды «Бейімдеу футболы» ойынына үйретеді. Алдағы уақытта қатысушыларды республикалық, халықаралық жарыстарға апару жоспарланып отыр. Сондай-ақ балалардың дене бітімін қалыптастыруға бағытталған «Иппотерапия» курсы да оң нәтиже беріп жатыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов