Жамбыл облысындағы су арнасын жаңғырту жұмыстарында олқылықтар көп

«Райс» су арнасын жаңғырту жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Жұмыстың 90%-і аяқталғанымен сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі нысан тексеруден өтпей қалған. Алғаш су жібергенде бетон плиталар сыр берген. Мұның зардабын енді шаруалар тартып отыр.

Нұрғазы Омарқұлов, шаруа:

Жаңа лотоктың жыры осындай. Былтыр да осы әңгіме болған. Дәл су керек кезде лоток құлайды. Су жоқ. Былтыр шығынға баттық. Биыл да батайын деп отырмыз.

Ұзындығы 32 шақырым су арнасын жөндеуге 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Бұрын бұл Жамбыл ауданының 3 мың гектар аумағын суаруға жеткен, соңғы жылдары су көлемі мүлде азайып кеткен.

Сайлау Әубәкіров, шаруа:

– Бұрынғы каналымыз төрт метр еді. Қазіргісі өтірік. Әшейін көз алдау. Қалай болса, солай істеп кеткен. Осы каналдың кесірінен ағайын-туғаныммен қырылысып, сотталып кетпесек деп отырмын.

Ерлан Қыдыралыұлы, Жамбыл ауданының әкімі:

– 2019 жылы басталған 2021 жылы толық аяқталуы керек еді. Бұл жерге бөлінген қаржы 1 миллиард 800 миллион теңге. Сол қаражатқа сапалы дүние жасауға болар еді. Кеңестік дәуірде жасалған арнаны 50 жыл пайдаландық. Мынаны да сондай қып жасауымыз керек қой.

Жергілікті әкімдік өкілдері бәріне мердігер кінәлі дейді. Мердігердің айтар өз уәжі бар.  

Асанхан Мамажанов, құрылыс компаниясының техникалық директоры:

Басында төрт метр болған екен. Бірақ есеп бойынша 2 метр су жібереді. Есеп жасаған кезде балдыр өсетінін ешкім бізге айтпады. Балдыр өсіп, суға кедергі жасап жатыр.

Су арнасын жаңғырту жұмысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда мердігер компания жыл соңына дейін пайдалануға беріп, құрылыс барысындағы олқылықтарды да орнына келтіруге уәде беріп отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Анастасия Сүлейманова, Руслан Ахатилла.