Елімізде балабақшаларға талап күшейеді

Елімізде балабақшаларға талап күшейеді

Енді жаңадан ашылатын балабақшалар лицензия алуға міндеттеледі. Министрдің айтуынша, сапасыз балабақшалар мен балаларды ұрып-соғу фактілерін ешкім жоққа шығара алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бұл талап қажет. «Лицензия талаптары жоғары болмайды. Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келсе, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады»,– деді министр. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Балабақшалардың құрылтайшылары мен иелеріне дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ. Себебі еліміздегі барлық балабақша бір күнде немесе бір айда лицензия беру тәртібіне өтеді деп айтып жатқан жоқпыз. Бірінші кезекте жаңадан ашылып жатқан жекеменшік, мемлекеттік балабақшалар лицензия алады. Келесі кезеңде тәуекелі көп ұйымдарға лицензия беру жұмысы жүргізіледі.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап салынатын мектептер енді мемлекеттік стандарттарға сай болуы керек. Егер робототехника, физика, химия пәндік кабинеттері қажет болса, онда мектепті соған сай жабдықтау керек. Қазіргі салынып жатқан мектептердің толық жабдықталмағаны кейін анықталып жататыны белгілі. Осы орайда елде «Қолайлы мектеп» жобасы қолға алынады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Жоба аясында құрылыс материалдарының сапасын бақылап, бастауыш пен жоғары сынып оқушыларын блоктарға бөлу мәселесі де қарастырылады.