Ыстықкөлге бардың ба?

Ыстықкөлге бардың ба?

Санаторийлер мен пансионаттарда тұру бағасы 20-40 процентке өскен. Егер былтыр жайлы коттеджді ішіп-жемсіз бір тәулікке 5 мың сомға жалдауға болса, биыл оның бағасы 7 мыңнан басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің ақшаға санағанда, кем дегенде 35 мың теңге тұрады. Оған қоса азық-түлік, ішкі турлар мен қызметтер, тіпті жолақысы да қымбаттады. Бірақ осыған қарамастан, Ыстықкөл жағасында демалушылар қарасы қалың.

Вероника Калачёва, туристік фирманың менеджері:

- Жергілікті тұрғындар үшін бұл тым қымбат. Бірақ бәрі шетелден келетін қонақтарға, Ресей мен Қазақстан азаматтарына үміт артқан.   

Ақшасын үнемдегісі келген ресейліктер мен қазақстандықтар жеке меншік үйлерді жалдайды. Мұнда бір орынның бағасы екі жарым мың теңгеден басталады. Адам көп болған соң, қоқыс та көп жиналады. Жергілікті билік жағалауды пластик қаптары мен шөлмектерден тазартуға тырысып бағуда. 

Қайрат Итибаев, Қырғызстан Туризмның дамуын қолдау қорының басқарушысы:

- Қазір туристер саны өте көп сондықтан, бір рет қоқыс жинаумен мәселені шеше алмаймыз. Жүйелі жұмыс жүргізіп, жауапты тұлғаларды анықтау қажет. Менің ойымша, ең алдымен демалушыларды қабылдайтын үйлер тазалыққа жауапты болуы тиіс.

Ыстықкөлде демалыстың қымбаттауының тағы бір себебі – Ресейден туристердің көптеп келуі. Мейманхана иелерінің айтуынша, ресейліктер көктемде-ақ орындардың жартысын сатып алған.

Авторлары: Бақыт Чермашев