Елімізде азық-түлік бағасын заңсыз көтергендер анықталды

Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 80%-тен астамы бағаның өсуіне алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе, әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін өте өзекті. Қазірдің өзінде дүкен сөрелеріндегі бағалар мен мемлекеттік органдардың есептері бір-біріне сәйкес келмейді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов мәлімдеді. Осы орайда партия жанынан азық-түлік бағасын бақылайтын 216 қоғамдық топ құрылды. Мониторингтің алғашқы нәтижелері Шығыста көкөністердің бағасы 19%-ке көтергенін көрсетті. Ал Түркістан облысындағы базарлар мен дүкендерде бағаны негізсіз көтерген 38 жағдай анықталды.

Асхат Оралов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы:

– Қазіргі уақытта барлық облыс және аудандарда 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмыс істеп жатыр. Жұмыс топтары супермаркет, базар дүкендерді аралап нарықтағы тауар бағасын бақылайды. Бағаның себепсіз өсуінің алдын алады. Қоғамның мәселесі әрдайым партия назарында болады.