Зеренді және Шалқар – Имантау бағытындағы жолдар жөнделді

Еліміздің солтүстігіндегі үш курортты аймаққа апаратын жолдар жөнделіп, бір-бірімен қосылды. Ол Зеренді және Шалқар – Имантау бағытындағы автокөлік жолы салынуының арқасында мүмкін болды. Мамандардың айтуынша, жол қатынасының жақсаруы арқылы отандық және шетелдік туристер легі арта түседі.

Бұған дейін бұл жол бөлігі сын көтергісіз күйде еді. Туристер сол себепті айналма жол арқылы қатынап жүрді. Жол азабын мықтап тартқан адамның ол демалыс орнына екінші рет қатынағысы келмейтіні түсінікті. Өткен жылы аталған автожолдың 36 шақырымына асфальт төселді. Енді көрші облыстың шекарасына дейін тақтайдай тегіс жолмен бірнеше минутта жетіп бара аласыз.

Евгений Малюченко, учаске басшысы:

- Бұл нысанның құрылысы жақында аяқталады. Жол жиегін бекіту, абаттандыру, су өткізетін құбырларды іске қосу жұмыстары ғана қалды. Содан кейін автокөлік ағыны артады.

Курортты өңірлерде жол жағдайы неғұрлым жақсарған сайын онда демалушылар қатары да соғұрлым көбейеді. Қазақстанның інжу-маржанына баланған Бурабайда да болашақта туристік инфрақұрылым барынша дамиды. Бұл мақсатқа қазынадан 2 миллиард теңге бөлінді.

Владимир Кулаков, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:

- Ол қаржыға бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, Текекөл жолы жөнделеді. Бурабайдағы бірінші желі көшесі күрделі жөндеуден өтеді. Биыл онда Жамбыл, Интернационал, Қазақстан көшелері жасала бастады. Бурабайдағы 10 көшені жөндеуге жалпы құны 200 миллион теңгедей қаржы бөлініп отыр.

Жоспарланған жұмыстар аяқталған соң Зеренді, Шалқар-Имантау курортты өңірлеріне ағылатын демалушылар легі артып, ондағы демалыс орындары мен қонақ үйлердің де жұмысы жақсара түседі. Өйткені Бурабай отандық һәм шетелдік туристер үшін табиғаты ең әсем өңірдің бірі.

Андрей Подгурский, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Туристер көп жағдайда екі күн ішінде үш локацияда болады. Сол себепті аталған үш курортты өңірді қатар дамытуға басымдық берілді. Бір айта кететін жайт – пандемиядан кейін демалушылар саны екі есеге дейін артты.

Мамандардың айтуынша, туристер мұнда биыл да көп келіп жатыр. Бүгінге дейін Бурабайға 1 млн 200 мың, Зерендіге 500 мың демалушы келіп кеткен. Осы қарқынды бәсеңсітпей, одан әрі жандандыра түсу үшін сапалы жолдар салынуы тиіс. Бұл демалыс орнын таңдаудағы басымдық берілетін бағыттың бірі...

Ардақ Айбарұлы, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный