Оралдың ойын алаңдары қауіпті орынға айналып барады

Оралдағы ойын алаңдары балалар үшін қауіпті орынға айналып барады. Бір апта бұрын ғана футбол қақпасы құлап, 11 жастағы баланы басып қалды. Тағы екі жасөспірім жаттығу жасап жүріп саусағынан айырылды.

- Олар өздері айтып отыр, что до этого были сварены. Видите, свежая сварка, после трагедии они на следующий день утром приехали, начали это все заваривать.

Ғалия Есеналиева 11 жастағы немересінен айырылып қалғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Айтуынша, сол күні немересі балалар мерекесіне барып, кешкісін аулаға ойнауға шығады. Оқиғаның одан әрі қалай болғанын ешкім білмейді. Өйткені сыртқы бейнебақылау камералары істемеген.   

Ғалия Есеналиева, Орал қаласының тұрғыны:

-  Салғырттық салдары осындай қайғылы жағдайға әкеп соқты. Мынадай қораптарды қойды да кетті. Не істесеңдер оны істеңдер деп. Камералар не үшін тұр? Түсірмесе. Кімге керек?  Өткен жылы да бір балаға қақпа құлады. Сол кезде оның қабырғасы сынды. Бірақ аман қалды. Содан сабақ алған ешкім жоқ. Ойын алаңдарын әкімдік пе, клубтар ма өз жауапкершілігіне алуы керек. Қайткенімен де Балалар жылы ғой.

Он бір жыл бұрын салынған әмбебап ойын алаңы қалалық клубтың меншігінде. Мекеме директордың айтуынша, құлаған қақпа жылжымалы болыпты. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында оны дәнекерлеп тастаған екен.   

Есқабыл Жалмурзиев, "Орал" СК директоры:

- Екі қақпа да дәнекерленген еді.  Өйткені балалар шығып, тартылады. Айналады. Қақпа оған арналмаған. Менің ойымша, оны біреу байқамай итеріп қалған шығар. Не болмаса біреу шайқаған шығар. Содан құлаған болуы керек. Жауапкершіліктен қашу үшін ешкім ештеңе көрмеген болып отыр.

Оралдық екі жасөспірім де ойын алаңында жүріп жарақат алды. Соның бірі 13 жастағы Никита Кудряшов. Жаттығу құрылғысының дұрыс істемеуінен саусағынан айырылды. БАҚ мен полицияға түсірген шағымнан кейін құрылғы жөнделді.  

Фатима Сатбаева, Орал қаласының тұрғыны:

- Осыған дейін ұстайтын тұтқасы болмаған. Міне бүгін ғана әкеліп орнатып кетті. Никита мында тұрып шайқалған. Құлап кетпес үшін абайсызда осы жерден ұстаған. Сол кезде саусағын кесіп кетті.  ТҮКШ бөлімінің үстінен арыз жаздық қылмыстық іс қозғады. Содан бері бір апта өтсе де әлі ешқандай жауап жоқ. Кешірім де сұралған жоқ.

Никита Кудряшов, оқушы:

- Енді ғана өзіме келіп жатырмын. Жарам жазылып келеді. Бәрі жақсы. Саусағымның жоқтығы өскенде қалай болады екен?

Бұл спорт алаңы өткен жылы ғана салынған. Соған қарамастан жаттығу құрылғысының көбі сынып, балалар үшін қауіп төндіріп тұр, дейді тұрғындар. 

Артур Кудряшов, Орал қаласының тұрғыны:

- Мына жерде шалынып, аяғыңызды қайырып алуға болады. Ал мында ағаш болу керек еді. Бір кездері тұрған. Оның бәрі сынып қалды. Содан бері жасалған жоқ. Ешкімге ештеңе керек емес.  

Есқабыл Жалмурзиев, «ОРАЛ» СК директоры:

- Бізде әрбір ойын алаңының жанында тұратын маман жоқ. Штат қарастырылмаған. Небәрі сегіз адам бар. Олар ойын алаңдарын аралап, кішігірім кем кетігін дұрыстап кетеді. Бұзылғаны болса бізге хабарлайды. Қала тұрғындары ойын алаңдарына немқұрайлы қарайды. Бүтін тұрған дүниені бүлдіріп кететін жағдайлар көп. Қақпаны сындырып, қоршауды бұзып кетеді.

Полиция қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты. Ал қалалық әкімдік болса 40 спорт алаңын қарық қыла алмай отырған клуб меншігіне тағы 11 ауланы қосып бермек.

Шыңғыс Қалиден, Ботагөз Базарбаева, Болат Жарылғасов