Жойылып кеткен өсімдіктер қайта тірілмек

Жойылып кеткен өсімдіктер қайта тірілмек

Бүгінде Сиверс және Недзвецкий жабайы алмалары Елордадағы ботаникалық бақтың сәніне айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жеміс ағаштары ашық аспан астындағы баққа отырғызылмас бұрын бірнеше кезеңдік зерттеу мен күтімнен өткен. Ұлттық Биотехнология орталығының ғалымдары өскіндерді қоршаған ортаның қолайсыз факторларына төзімді етіп шығарған.

Айнұр Қуатқызы:

- Бұл тек Орталық Азияда, оның ішінде тек Іле Алатауының етегінде ғана өсетін Сиверс алмасы. Жалпы Алма атауылының атасы аталатын Сиверс ағашы Қызыл кітапқа енгізілген. Жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жеміс ағашын ғалымдар осы өңірге жерсіндіріп жатыр. 

Алмагүл Кәкімжанова, Биология ғылымдарының докторы:

- 2018 жылы осы ботаникалық баққа недвецкий алмасын бердік. Қазір жақсы өсіп жатыр. Біз қазіргі біздің әдісіміз инвитро жағдайында, кланальді әдісті қолданып жатырмыз. Еуропада да осы әдісті қолданып жойылып бара жатқан өсімдікті көбейтеді.

«Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді көбейтумен қатар оларды жерсіндіру асқан ыждақаттылықты талап етеді. Жылыжайдан ашық тәлімбаққа шыққан өскіндердің көбі өсіп-өнуге қабілетті. Себебі, топыраққа түрлі өсімдік ауруларынан таза күйінде отырғызылады, дейді мамандар.

Сәуле Мықтыбаева, Ботаникалық бақтың директоры:

- Біз еліміздің барлық биолог мамандарымен тығыз байланыстамыз. Елордадағы биотехнология орталығының ғалымдары зерттеуден өткізген бірқатар жеміс ағаштарын біздің баққа берді. Мысалы, Недвецкий алмасы біздің баққа жерсініп, жеміс бере бастады. Ол негізінен Қырғызстан, Қытай елдерінде, Жоңғар алатауы мен Іле Алатауында өсетін ағаш. 

Бүгінде бас шаһардағы ботаникалық бақтың ғылыми аумағына алманың 20-дан астам түрі жерсініп, жеміс бере бастаған. Бұл ғана емес, мұнда жылы жақта ғана өнім беретін тропикалық және сирек кездесетін өсімдіктер қоры бар. Саябақ мамандары,  ғылыми бақты келешекте алып саябаққа айналдырамыз деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Асхат Қарақойшы