Шымкентте медиация тәртібі өз нәтижесін көрсетті

Елімізде Ассамблеяға тіркелген екі мыңға жуық медиатор бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан өзге, қоғамдық ұйымдардың медиаторлары да тараптарды ымыраға шақыру үшін аянып қалмайды.  Жиында осылай деген ассамблея төрағасының орынбасары статистиканы сараптап, бес жылдық нәтижелі жұмысты жеткізді.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Сараптап қарасақ соңғы 4-5 жылда осы біздің медиаторларымыз 150 мың адамның осындай шағымдарына шешім тауып, сотқа жеткізбей мәмілеге келтірген екен.

Алайда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытқа әлі де болса тың серпін керек. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкенттің төрттен бір бөлігін өзге ұлт өкілдері құрайды. Сондықтан этномедиация тәртібін ілгерілету үшін әкімдікке қарасты тоғыз басқармамен ортақ меморандумға қол қойылды.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Биыл этнос өкілдері арасында орын алған түсініспеушіліктердің он бірі медиация көмегімен реттелді.

Республикалық кеңестің кеңейтілген отырысы онлайн және оффлайн форматында өтті. Жиынға қатысқандар Конституциядағы медиация заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізуді сұрады.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Бүгінгі отырыста адамдардың сұранысына лайықты біраз өзгерістер енгізу керектігі туралы айтылды. Сонымен бірқатар нақты ұсыныстар берілді. Осы бағытта біз жұмыс жасаймыз.

Сонымен мәжілісте медиаторлардың құқық қорғау қызметіне қатысу бағыттарын кеңейту ұсынысы айтылды. Бұдан өзге отбасылық-тұрмыстық жанжал мен зорлық-зомбылықты алдын алу сынды мәселеге ұсыныс-пікірлер пысықталды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов