БҚО-да қарбыз сатылымға шықты

Ұзақ жылдан бері қарбыз-қауын егумен айналысып жүрген Данияр Сағынаев биылдан бастап тамшылатып суару әдісін қолданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылғы бақша басындағы қызу жұмысты едәуір жеңілдеткен. Бағбанның иелігінде 16 га жер бар. Соның басым бөлігіне қарбыз егілген. Әдетте өнім шілде айының ортасында жинала бастайтын. Әйткенмен биыл шығым кешеуілдеген. Өйткені мамыр айында күн суық болып, жауын-шашын да толассыз жауыпты.

Данияр Сағынаев, бағбан:

- 20 шақты күн кешігіп шығып жатыр уақытынан. 70 тоннадай алып жүрдік гектарынан, жақсы дегенде. Енді былай 50 тоннадай шығып жүр ғой жылына. Биыл әлі тиеп бастаған жоқпыз. 60-70 тонна бар деп есептеп тұрмын пока. Жақсы урожай. Может одан көп шығып кетер.

Жергілікті өнімнің «Тайпақ қарбызы» деп аталып кетуі Ақжайық ауданының бұрынғы атауымен байланысты. Дәл осы аудандағы бағбандар ішкі нарықты толық қамтып отыр. Жергілікті қарбыз-қауынға сұраныс ерекше. Тіпті шаруалар өнімді қалаға апарып үлгермейді екен, себебі делдалдар бақша басынан тонналап алып кетеді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мұндағы қарбыздардың бәрі пісе бастаған. Алайда шаруа оларды жинауға әлі асықпайды. Өйткені қарбыздың іші қызарғанымен әлі дәмі кіре қоймаған. Ал дәмі тіл үйірерлік болуы үшін бағбан бұл бақшаны енді бір апта бойы суармайды екен. Сонда дәмі ерекше болады деседі.

Бағбандардың алды өз өнімдерін ендігі сатылымға шығара бастады. Көп ұзамай науқан одан әрі қыза түспек. Баға 100-150 теңге шамасында. Ауданда қарбыз егумен айналысатын шаруалардың көбі Алмалы ауылдық округінде. Мұнда биыл 26 қожалық бау-бақша еккен. Соның жетеуі тамшылатын суару әдісіне көшіпті. Оларға мемлекет тарапынан субсидия төленеді.

Ербол Сабыров, Алмалы ауылдық округінің әкімі:

- Салқындау болды, жаңбыр, сосын мына көбелек дернәсілінің зиянкестігі кішкене қиындық туғызды. Жалпы шаруа қожалықтарының еңбекқорлығының арқасында биыл жақсы өнім алады деп күтудеміз. Тамшылатын суару әдісіне байланысты алып жатқан техникаларына 50 пайыз субсидия беріледі.

Биылдан бастап бағбандар аудан орталықтары мен қалада сауда нүктелерін тегін ала алады. Әкімдіктер арасында осындай меморандум жасалған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов