Түркістан облысында өзен тартылып, суы сарқылып барады

Кіші Шаян өзені Ағыбет ауылының ортасымен өтеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көктем мезгілінде жауын-шашын мен еріген қар суы өзеннің ернеуіне дейін жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тасқын су арықтың табанындағы тастарына дейін ағызып әкеткен. Соның салдарынан су төмендеп, деңгейі түсіп кеткен. Халықтың ендігі тілегі - «өзеннің бірнеше жерінен бөгет салынса, сонда судың деңгейі көтерілер еді» дейді.

Сейдалы Әмірбеков, Ағыбет ауылының тұрғыны:

- Біздің шырылдап жатқанымыз, мына көпірді 1983 жылғы ауылдың балалары салып берді. Бұл да құлауға шамалы қалды. Осындайларды ескеріп, елеп, мына жерден бізге қарай тіке 13-14 бөгет жасау керек. Соны істеп берсе - біздің басқа арманымыз жоқ. Істеліп жатыр, істелмей жатқан жоқ. Халықтың жағдайы жақсы. Тоған істесе, су іркіліп тоқтайды. Содан кейін судың деңгейі көтерілетін шығар деген үміт бар. Біз артық ақша сұрап жатқан жоқпыз.

Кіші Шаян өзені көктем мезгілінде тасып, асау мінез танытқанымен жаз айларында тартылып кетеді. Су табанында ғана қалады. Жағасы терең жар болғандықтан тұрғындар төрт түліктің түсіп, су ішуіне қиындық туғызып отырғанын айтады. Одан бөлек, жар құлай-құлай электр бағаналарына да жақындап қалған. Осыдан кейін аудан әкімдігі ауыл тұрғындарының өтініші бойынша облыстық ТЖ комиссиясына хабар беріп, арнайы мамандар шақыртқан. Олар зерттеп, зерделеп, нәтижесінде 71 млн теңге қаржы бөлу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген.

Бақыт Қырғызалиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Төтенше жағдай комиссиясы облыстық экономика басқармасына сметаны ұсынған. Қазіргі таңда нақтылауды күтіп отыр. Шешімін табады деген ойдамыз, себебі әрбір жиналыста, басқосуда осы көтеріліп жатыр. Сол себептен бұл мәселенің шешімін табуға барынша жұмыс істейміз.

Жауаптылардың айтуынша, қажетті қаржы бөлінсе, өзен арнасына биыл бірнеше жерден бөгет салынады. Ол тек өзендегі су деңгейінің ғана емес, құдық суының да көтерілуіне ықпал етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов