Семейдегі аспалы көпірдің астына жаңа демалыс орны салынбақ

Семейдегі аспалы көпірдің астына жаңа демалыс орны салынбақ
ҚазАқпарат

Семей қаласындағы аспалы көпірдің астына стрит-арт, скейт-парк және паркур мен воркаут спорт алаңдары бар жаңа қоғамдық демалыс орны бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа демалыс орнына айналатын аспалы көпірдің асты толықтай көгалдандырылады. Алаңның жалпы ауданы – 3500 шаршы метр. Барлық жұмыстар демеушілердің қаражатына жүргізіледі.

Онда стрит-арт, скейт-парк және паркур мен воркаут спорт алаңдары салынбақ. Көпір асты аумағының артықшылығы – кез келген ауа райына қолайлы. Жаңбырдан немесе күн сәулесінен жасырынып, қалаған уақытта спортпен айналысып, демалуға болады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, Семей тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар демалыс орнын құру жоспарланған.

«Биыл 12 жаңа орын құру жоспарланып отыр. Демалыс орны біріншіден, адамның мәдениетін қалыптастырады. Таза, әдемі, абаттандырылған жерді ешкім ластағысы келмейді. Екіншіден, бұрын қараусыз қалған жерлер шаһар тұрғындарының көңілінен шығатын орынға айналуы тиіс. Бірі онда кофе ішеді, екіншісі балаларын ойнатады, ал басқалары таза ауада спортпен шұғылданады», – деді ол.