Қызылорда облысына жаңа аграрлық бағдарлама қажет

Сыр диқандары егінге орақ салды. Ала жаздай атыз жағалап, маңдайы күнге, табаны құмға күйген егінші қауым еселі еңбектің есебін алар кезге де жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыста 188 мың гектарға егін егілсе, соның 80 мыңға жуығы күріштің үлесінде. Аймақта өнімділікті көбейту мақсатында егіс алқаптарына 100% жоғары репродукциялы тұқым себілді. Сыр диқандары өнімді күзгі жауын-шашынға қалдырмай, науқанды 10 қазанда аяқтауды жоспарлап отыр. Алғашқы орымға Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылының еңбекшілері шығып отыр. 1300 га алқапқа дән сепкен диқандар тіршілік нәрі жетпегесін, канал түбіндегі суды сарқып тартатын құрылғы пайдаланудың арқасында егістігін аман алып қалды. Енді шаруалар әртараптандыру бағытындағы жобаларға көңіл бөлмек.

Қайрат Нұрсейітов, шаруа қожалығының төрағасы:

– Экологиямызға байланысты бір жыл екпей қойсақ, жер тұзданып кетеді. Су аздығына байланысты көп жеріміз айналымнан шығып қалу жағдайында тұр. Сондықтан жүгеріні басқа да дақылдарды әкеліп айналымнан шықпаудың амалын жасап жатқан жағдайымыз бар. Бір жоңышқамен шығып кету мүмкін емес, сондықтан жүгері, соя, мақсары секілді суды аз қажет ететін қызылша егіп жатқан жігіттер бар.   

Аймақ ақ күріштің астанасы екені әмбеге аян. Өнімнің 90 проценті өңірде өндіріледі. Әйтсе де, осы салада күрмеуі қиын күрделі мәселе де жеткілікті. Біріншіден, егістікті суару мәселесі өзекті. Су мамандарының жыл сайынғы болжамы көңілге медеу болмай тұр. Сондықтан су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңірде арнайы бағдарлама қабылдану қажет.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Жыл сайынғы су шығыны 2 млрд текшені құрайды. Бұл республика бойынша су шығынының тең жартысы. Аймақтың алтын қоры болып саналатын инженерлік жүйлерге келтірілген 178 мың гектар егістіктен айырылып қалу қаупі бар. Республиканың оңтүстік өңірлерінде 319 мың га суландыру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Соның ішінде Қызылорда облысының үлесі небәрі 15 мың га құрайды. Немесе 4,7%. Бұл мәселен Парламенттік тыңдауда айтқанбыз. Үкімет басшысының алдында да көтеріп жатырмыз.

Серікқали Брекешов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау. Сондай-ақ сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге ҚР Үкіметінің резервінен 3,6 млрд тг қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Осы шаралардың нәтижесінде Қызылорда облысында су шаруашылығы тұрақты. 

Облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылда тұратын аймақ болғасын аграрлық жоба-жоспарларға асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Асыраушы салаға инновация енгізуге тиіс Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық және қаржылық жағдайы өте қиын. Сонымен қатар шаруашылықтар, әсіресе, ұсақ құрылымдар үшін заманауи техника қолжетімсіз болып отыр. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Техниканы жаңарту мәселесі бойынша тарихта бірінші рет 40 млрд тг бөлінді. Егіс алқаптарын дұрыстап, жоспарлы тегістеп, дұрыс техниканы пайдаланып тегістелетін болса, өнімділік 10-нан 40%-ке өседі.

Жалпы Сыр еңбекшілерінің арқасында Қазақстан халқы толықтай тұтынатын көлемін өндіретін күріш жағынан ешкімге тәуелді емес мемлекет саналады. Биыл да ел қамбасына 210-220 мың тоннадай өнім құйылады деп күтіліп отыр. Соның 160 мың тоннасы ішкі нарықты қамтыса, қалғаны экспортталып, қазынаны ақшалай толтырмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов