ABU одағының кезекті отырысы өтті

Жаһанның медиа кеңістігінде «Еуропалық» және  «Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушыларының одағы» деген алпауыт ірі құрылымдар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ елінен сол екі одаққа тек «Хабар» агенттігі мүше. Соның арқасында еліміз Eurovision-ге қатысып келеді. Шетелдерден лицензияланған бағдарламалар мен фильмдер аламыз, береміз. Ірі құрылымның белді мүшесіне айналған «Хабар» бүгін елордада ABU-дың 113-отырысын өткізді.

Асқар Умаров,  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Іргелі одақтың маңызды әкімшілік кеңесі елімізде өтіп жатқаны қуантарлық жәйт. Атаулы шарада сіздермен қауышу біз үшін үлкен мәртебе. Телерадио салаларын дамыту мақсатында жарты ғасырдай уақыт бұрын құрылған ABU одағы ең ауқымды және нақты іс шараларды жүзеге асырып жүрген іргелі медиа институттың бірі.

Дәлірек айтсақ «Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушыларының одағы 1964 жылы құрылды. Бүгінде әлемнің 67 елінде 253 мүшесі бар ең ірі медиа институт. Елордада өткен жиынға 16 елдің хабар таратушыларынан 17 өкіл қатысты. Қала берді, кеңеске онлайн қосылғандары бар. 

Берік Уәли, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Азия Тынық мұхиты елдерінің мүшелерін қабылдап, үлкен жиын өткізіп жатырмыз. Бұл кезек біздікі болатын. Сол біз өзіміз шақырып, осы сәуір айынан бастап осы жұмысты қолға алып, міне бүгінгі нәтижесі үлкен жиын болып жатыр. Енді үлкен-үлкен Азияняң хабар таратушы медиа холдингтерінің басшылары келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік осыны дұрыс пайдалану керек.

«ХАБАРДЫҢ» ЕКІ ҚЫЗМЕТКЕРІ ABU-ГЕ БАРАДЫ

Дұрыс пайдаланып та қалдық. Елімізге келген «Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушылар одағының» бас хатшысымен келісім жасалды. «Хабар» мен ABU ынтымақтастық туралы мәмілені сәуір айында бастаған еді. Содан бері жүргізілген келіссөздер жемісін берді. Кеше құжатқа қойылды.  

 

Берік Уәли «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Сәуір айынан бері жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Азия Тынық мұхиты елдерінің басшысымен жаңағы Маттаги мырзамен келісімге келіп, екі бірдей Хабар 24 арнасының қызметкерін тәжірибе алмасуға сол жаққа жіберіп отырмыз. Олар кеше мысалы қол қойды келісімшартқа. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Екі қызметкеріміз сол жаққа барып жұмыс жасайды, солардан айлық алады. Және біздің сол жақтағы Хабар агенттігінің өкілі ретінде ай сайын бізге материалдар беріп тұрады.

Атап айтқанда «Хабар» агенттігінің екі қызметкері ABU-дың Куала-Лумпурдағы кеңсесінде жұмыс істейді. 

Джавад Моттаги, Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының бас хатшысы:

- Біз Хабар агенттігімен тығыз жұмыс істеп келеміз. Әріптестіктің аясында 2 қызметкерді біздің хатшылыққа шақырдық. Олар 2 жыл ішінде мол халықаралық тәжірибе жинап үлгереді. Жалпы Хабар агенттігі әріптестік аясында одаққа мүше 250-ден астам мемлекетке өз қызметкерлерін жіберіп, тәжірибе алмаса алады. Бұл зор мүмкіндік.

Мұндай жиындар әдетте «тәжірибе алмасу мақсатымен өткізіліп жатыр» деп айтылады. «Тәжірибе алмасу» бұл жолы сөз жүзінде емес, іс жүзінде болғанына келісімнің бекігені дәлел. Хош. Бұдан бөлек, «Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушыларының одағына мүше Ираннан да елімізге сапалы контент келеді. Қарымта ретінде Қазақстан Иранға тарихи фильмдер мен хабарлар жібереді. Жуырда Мемлекет басшысының Ислам Республикасына жасаған сапары аясында «Хабар» агенттігі мен Иранның IRIB  аталатын ірі медиа ұйымының басшылары тиісті меморандумға қол қойды. Яғни ABU арқылы «Хабар» еліміздің әлемдік аренадағы рөлін арттыра түсуді, жаһан медиасындағы орнын нығайтуды мақсат тұтып отыр.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Азамат Саметов, Дархан Күнтуов, Диас Қобыланбаев