Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

Сыздықовтар әулеті үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, әрқайсына білім мен өнеге берген отбасы.  Отағасы – он саусағынан өнер тамған шебер, қарапайым еңбек адамы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал отанасы – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлген  - ұлағатты ұстаз.

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Іріктеу кезеңінен өткен әрбір жанұя жеңіске лайық. Ұлттық байқауда төрелік еткен қазылардың бағасы осы.  Әулеттің ғибратқа толы ғұмырын дәріптеуді мақсат еткен жоба 16 мерейлі отбасын  үздік деп тапты.

Мұратжан Шотанов, қалалық Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы:

- Сіздердің барлықтарыңыз білімді, өнерлі, еңбекқор әрі талантты жандардан құралған бірлігі жарасып, ырысы тасып, құт қонған әулет екендеріңізді паш еттіңіздер. Барлық қатысушыларды оның ішінде жеңімпазды шын жүректен құттықтаймын.

Гүлмира Мырзалиева, қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының қатысушысы:

- Мектеп ұжымы өзіме қолқа салды. Сіз көпбалалы анасыз. Әрі үздік педагогсыз. Осында ұл-қыз тәрбиелеп отырсыз. Сіз лайықтысыз қатысыңыз деп. «Мерейлі отбасында» жеңімпаз атанып отырғанымыз біз үшін бақыт.

Ал Шымкент қаласының атанынан республикалық байқауға Жақыповтар әулеті жолдама алды. Дара шыққан дарынды отбасы елімізге спорт саласындағы жетістіктерімен белгілі. Бүгінде ұлт саулығына еңбек сіңіріп жүргендерге жауапкершілік жүгі артылды.

Жақып Құттыбеков, қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпазы:

- Жауапкершілік өте үлкен. Себебі Шымкент қаласы еліміздегі үлкен мегаполистің бірі. Оңтүстікті білесіздер тәрбиенің, ұлттық дәстүрдің ұясы. Республикалық байқауда жоғары орыннан көрінеміз деген ойымыз бар.

Жоба қатысушыларына қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар республикалық кезеңге жолдама алған отбасыға қаржылай қолдау көрсетіліп, өңір абыройын асыруға сәттілік тіледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбек