Көлсайдан Ыстықкөлге баратын жол қайтадан ашылды

Көлсайдан Ыстықкөлге баратын жол жанданады. Саяхат жасаушылар көрші елге Алматыдан және Көлсай көлдерінен тікелей Ыстыққөлге екі күнде жаяу жетеді. Айта кетейік, бұл соқпақ 2009 жылдан бері жабық болған еді. Міне енді араға 13 жыл салып қайта ашылып отыр.

Алматыдан шыққан жолаушылар Ыстыққөлге екі бағыт арқылы барады. Бірінші топ Алматы маңындағы тауды бетке алса, екінші топ Көлсай арқылы жетеді. 25 шақырымдық жол Алатаудың шың-құздары арқылы өтеді. Сапарға аттанғандар құрамында 18 адам бар. Оның тең жартысы Қырғызстан азаматтары. Саяхат барысында мамандар маршрутпен танысып,  жолды зерттейді.   

Ержан Қалматаев, Іле Алатуы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

- Әзірше мынау тестік режимде осы ұлттық парк кеңсесінде тексеру, тіркеу осында. Болашақта шекараның өзінде болады деп ойлаймын. Адам басына 806 теңге өтемақысы. Ал палатка құрып, қонғанына сол 1000 теңгеге жуық төлем төлейді әр қонғанға, әр күнге.

Ал туристер үшін бұл жолды келесі жылдың маусым айында ашу жоспарланып отыр. 2009-жылға дейін қырғыз бен қазақ арасындағы мемлекеттік шекараны тек ресми  бекеттер арқылу өту мүмкін болатын. Бірақ, олар туристік маршруттардан тым алыс орналасқан. Алайда, бұл мәселе биыл көктемде екі елдің мемлекет басшыларының кездесуінен кейін шешімімін тапты. Кездесу нәтижесінде екі ел арасындағы туризмді дамыту үшін осы жобаны қолға алу айтылған еді.

Елена Калашникова, Қырғыз Республикасы Туризмді дамыту қорының президенті:

- Бұл 30 жыл ішінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында іске асып отырған ең ұтымды туристік жоба дер едім. Сол арқылы қарым-қатынас нығайып, экономикалық байланыста орнап, елімізге келетін шетелдік туристерге жол ашылады. 

Дастан Рысбеков, ҚР Спорт және мәдениет министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Қазіргі кезде көптеген шетелдік туристер Қырғызстанға барарда тікелей біздің жердегі шекара арқылы барады. Машинамен немесе әуе көлігімен. Бірақ та ол туристер біздің Қазақстанда көп қалмайды. Енді біздің негізгі мақсатымыз – осы біздің Көлсай көлдері ұлттық паркін табиғи ресурстарына қарап, осы біздің жерде 1-2 күн қалып, содан кейін Қырғыз Республикасына трансшекаралық маршрут арқылы сол жерге өтуін біз болжамдаймыз.  

Алматы мен Көлсайдан Ыстықкөлге барар жол ресми түрде келесі жылы ашылуы мүмкін. Таудың арасындағы жолмен сапар жасау маусымда басталып қыркүйек айына дейін жалғасады деген жоспар бар.

Аламс Садуақас, Радик Жақыпов