Қызылорда облысында «Этноауыл» жобасы қолға алынбақ

Яғни елдімекендердегі ғимараттар ұлттық нақышта безендіріліп, ауыл келбеті қазақи тұрғыда түрленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба Сырдария ауданындағы Бесарық ауылында басталып кетті. Байырқалы мекендегі болымды тірлікті көруге аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы барды. Облыс әкімі одан өзге бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен де танысты. «Этноауыл» жобасын «Абай-Дәулет» серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Шаруашылық 200 аса түйе бағып, 60 інгенді сауып, облыс орталығына күніне 200 литр шұбат жеткізеді. Одан бөлек жылқы бордақылау алаңы, кірпіш зауыты, қой фермасы, құрама жем дайындау цехы жұмыс істейді. Алма бағы және күріш егуді де қолға алған. Бесарық ауылының 200-дей тұрғыны осы шаруа қожалығында жұмыспен қамтылған. Агросеріктестік ауылды абаттандыруға бір миллиард теңгедей қаржы бағыттап отыр.

Марат Сәрсенбаев, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры:

– Киіз үйлер тігіледі, субұрқақ қойылады, гүлдер егіледі, арка жасалады. Көптеген жоба дайын. Осы жерде еңбек етіп, халыққа да керек этноауыл, рәміздер алаңы және тағы да сол жағалауға абаттандыру жұмыстарын жасаймыз. Материалдарын алып қойдық. Биыл жартысын жасасақ, 50%-ін келесі жылдың көктемінде бітіреміз.

Ерекше түлеп,түрленген ауылда 362 миллион теңгеге жаңадан дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар жөнделіп, саябақтар жаңғыртылған. Құрылыс нысандарын көзбен көріп, жағдайды бағамдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына нақты талап қойды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Жақсы ниетпен жасау керек. Таңдауды қадағалаңыздар, сапасын бәрін. Осы ауылға егелік жасап жатқаннан кейін бәріне атсалысып, қараңыздар, бәрі дұрыс болатын болсын. 

Естай Нұрислам, мердігер мекеме өкілі:

– Бодибилдингке арналған және жүгіру жолағы болады. Шығыс жекпе-жегіне татами орналасады.Шшағын футболға, волейболға арналған зал, 120 орындық трибунасы болады. 

Өңір басшысы сондай-ақ ауылдық округтегі мұражай жұмысымен танысып, мәдени нысанның тарихи әлеуетін көтеруді тапсырды. Музей мен кітапханадағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін тілге тиек етті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин