ШҚО-да қоғамдық көлік мәселесі қашан шешіледі

Риддердегі автобус аялдамасының қайсына барсаңыз да қаптаған кісіні көресіз.Барлығы жолға қарап екі көздері төрт болған жолаушылар. Бірі діттеген жеріне жете алмай, бірі кете алмай ызалы, деп хабарлайды «Хабар 24».

– Сағатттап осы жерде тұрамыз.Жүргісі келсе, жүреді, жүргісі келмесе, жүрмейді

– Қоғамды көлік бізді әбден титықтатты. Өткен жылы да осылай болған. Күтіп-күтіп келмеген соң осы арада жиналғандар 500 теңгеден бірігіп такси жалдаймыз.

Мән-жайды көзімізбен көру үшін біз де автобусқа отырмақ болдық.Көп күттік. Әйтеуір келді. Ішіндегі жолаушылардың барлығы наразы. Владимир Кириков 1-ықшам ауданда тұрады.Жұмысқа күн сайын барады. Алайда жалақысының көбі таксиге кетеді.

Владимир Кириков, Риддер қаласының тұрғыны:

– Риддерді қазір таксилер қаптап кетті. Олар автобус жоқ екенін біледі. Оған отырмасам, жұмыстан қаламын.Қанша қымбат түссе де еріксіз таксимен баруға тура келеді.

Кондукторды әңгімеге тартып едік, мәселенің ұшы да көрінді. Айтуынша, қоғамдық қатынасты қиындатып тұрған себептер көп. Барлығы ақшаға кеп тіреледі.

Ксения Гайдук, кондуктор:

– Дизель қымбат, май мен көлік бөлшектерінің де бағасы удай. Біздің де, көлік жүргузішілерінің де еңбекақысы төмен. 12 сағат жұмыс істейміз ғой.Осының барлығын ескерсек, тариф өзін ақтамайды.

Бұған автобус паркінің тозып кетуін де қосып қойыңыз.Шаһарда кейбір ықшам аудандардың алшақтығы 40 шақырымға дейін жететіні тағы бар.Жүргізушілер ол жаққа барудан бас тартады.Қала басшылығы  мәселеден хабардар.Тарифті көтеріп, демеу қаржы қарастыруға ниетті.

Мұрат Байжүменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз акимат тарапынан тарифті көтеру мәселесін көтеріп отырмыз және маслихатқа осындай жолдама беріп отырмыз. Жаңағы субсидия беру үшін қазіргі кезде жолаушылар орталығына әлеуметтік маңызы жоғары маршуруттарды қолдауға ұсыныс беріп отырмыз.

Әкімдік қоғамдық көліктерді қолдайтын процедураны бастап кеттік дейді. Алдағы екі ай ішінде барлығы реттелу керек деп сендірді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов