Маңғыстау облысында кен орындарын оңалту жоспары әзірленді

Президент тапсырмасына сәйкес Өзен және Қарамандыбас кеніштерін оңалту жоспарының тұжырымдамасы дайындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы былтыр «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына Маңғыстау облысында геологиялық-барлау жүргізу жөнінде жеке жоспар әзірлеуді тапсырған еді. Бүгін Ақтауда мұнай-газ саласының ардагерлері, геологтар мен қоғам қайраткерлері бас қосып, алда жасалатын жұмыстарды талдады. Жиынға ұлттық компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Жыл сайын қара алтын өндіру көлемі азайып барады. Салдарынан «Өзенмұнайгаз» компаниясының кірісі төмендеген. Қызметкерлер санын сақтап қалуға, еңбекақы төлеу бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындау қиынға соғуда. Кен орындарын оңалту шаралары мұнай өндіру деңгейін кезең-кезеңмен 6,5 млн тоннаға дейін көтеріп, бұл көрсеткішті 10 жылға дейін сақтап тұруға мүмкіндік береді.

Мақсат Ибағаров, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры:

– Қазіргі таңда біз 5-5,5 млндай мұнай шығарамыз. Ол біздей үлкен компанияға өте аз тиімділігі. Осы жобаны мемлекет басшысы қолдады. 7-8 жылда қосымша 80 млндай мұнай өндіру. Яғни қазірден жыл сайын Өзен кен орындары 6 млн-8 млн беретіндей жағдайға келтіру.

«Өзенмұнайгаз» кен орны ашылғалы бері жеңіл қазылатын жерлерде қара алтын игеріліп келеді. Енді қиын қазылатын аумақта негізгі мұнай қорын алу үшін жаңа технологиялар қолданылады. Бүгін кездесуге қатысқан ардагер мұнайшылар өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты.

Аманжан Өтесінов, сала ардагері:

Өзен кен орнының өмірін ұзартуға бағытталған көптеген жұмыстар жасалатын болды. Алынатын мұнай қоры 400 млн үстінде еді. Жаңа құралдар алып, жаңа скважиналар қазамыз деп жатыр.

Мағзұм Мырзағалиев жергілікті кәсіподақ ұйымдары басшыларымен де кездесті. Жиында еңбек ұжымдарын толғандыратын мәселелер қаралды. «ҚазМұнайГаз» қаржыландырумен Жаңаөзенді көркейтуге бағытталған жұмыстар сөз болды. Солардың қатарында «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғырту, газ өңдейтін және Кендірліде су тұщыту зауытын салу секілді ірі жобалар бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев