Дәстүрлі діндер съезі қатысушыларының назарына сурет көрмесі ұсынылады

Дінаралық форумның күн тәртібінде диалог пен іскерлік келіссөздер басты назарда болады. Бұны іс-шара тарихындағы рекордтық қатысушының жиналуы да аңғартады. Сонымен қатар елімізге келетін шетелдік қонақтар үшін мәдени бағдарламаларға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл іске отандық суретшілер мен қолөнер шеберлері тыңғылықты дайындалған. 

Елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қарсаңында 4 көрме жобасы әзірленді. Ұйымдастырушылар елімізде меймандарға көрсететін көркем өнер туындылары жетерлік деп санайды. Тарихымыз бай, бабаларымыз бізге ұлан-асыр мәдени және рухани мұра қалдырды. Көшпелі қазақ мәдениетінен сыр шертетін құнды әрі сирек көне жәдігерлер съез қонақтарын еліміздің тарихына терең үңілтуді мақсат етеді. 

Лейла Махат, "Құланшы" қазіргі заманғы өнер орталығының кураторлық кеңес төрағасы:

- Бұл жобалардың тақырыптары да мағынасын терең ашып тұрғандай. Мысалы, қазір сіздер көріп тұрған «Көшпенділер аңыздары» көрмесі танымал суретші Батухан Бәйменнің еңбектерінен тұрады. Бұдан бөлек, еліміздің ересек әрі жас мүсіншілерінің туындылары көрсетіледі. «Дала қазыналары» жобасы ежелгі зергерлердің технологиясымен арнайы әзірленген сәндік бұйымдарға арналады. Сондай-ақ, «Патшалар аңғары» экспозициясына 18-ғасырдағы көшпелі қазақ тұрмысында қолданылған көне сандық, кілем секілді жиһаздар қойылады.

Отандық шеберлер қолынан шыққан көркем сурет пен мүсіндеу өнерінің заманауи үлгілері шара қатысушыларының назарын аудартады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі инсталляциясы әзірге құпия, оны шараның басталуына орай таныстыру жоспарланған. Бұндағы мақсат - Съез қонақтарына айрықша атмосфера сыйлау. 

Лейла Махат, "Құланшы" қазіргі заманғы өнер орталығының кураторлық кеңес төрағасы:

- Өнер дегеніңіз адамзаттың рухани жылнамасы. Біз бұл жобаларда ұсынатын дүниелер Қазақстан тарихы мен мәдениетін тереңінен ашады. Жай ғана көрме емес, көшпенділер дәуіріне оралтатындай кеңістік жасауға тырыстық. 

Таяу күндері ондаған мемлекет Қазақстанға көз тігері сөзсіз. Жауапкершілік мол. Әлемде бейбітшілік үстемдік етуі тиіс. Басты қағида осы. 

Рухани Асқар, Ырыстанбек Оспанов