Шымкент қаласы халқының 98%-і сапалы электрге қосылады

Қала іргесінде орналасқан Солтүстік саяжай елді мекеніне сапалы жарық тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін 145 шақырымға электр бағасы орнатылып, 70 трансформатор қойылды. Үш жылдан бері электр қуатына  жарымай келген Әлімхановтар отбасы алғашқылардың бірі болып жаңа желіге қосылды.

Сержан Әлімханов, қала тұрғыны:

- Бұрынғы свет мысалы біз үй салып жатқан уақытта менің алдымда ерте келген үйлерден жалғап ала салған едім келісіп. Кейде жел тұрады. Ауа-райына байланысты ғой. Жаңбыр жауған уақытта свет өшіп қалады. Қуаты слабый болып қалады. Ал қазір бәрі үкіметке өтіп жатыр. Құдайға шүкір бүгін бірінші светтерді жалғап жатыр. Бұрынғыға қарағанда жарық, жақсы болып қалды.

Солтүстік саяжайды сапалы электрмен қамту жұмыстары өткен жылы басталған. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 978 миллион теңге. Елді мекенде 5784 абонент бар.  Қажетті құжаттарын жинақтағандар кезең-кезеңімен электр қуатына қосыла алады.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Мемлекет тарапынан сапалы электр қуатын қамтамасыз ету үшін жұмыстың бәрі аяқталды. Қазір жұмысты қабылдап жатырмыз. Әр үйдің алдына алып келді. Счетчиктерді қойды. Біз арнайы қазір мердігерге қосымша мамандарды беріп, бірінші қазан айына дейін бәрін аяқтауға атсалысамыз.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Осылайша шаһар жұртының 98 проценті сапалы электр жарығына қол жеткізеді. Ал 2023  жылы бұл көрсеткішті 100 процентке жеткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Нұрсұлатан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов