Ақтөбедегі саябақтардан сән кетті 

Ақтөбеде саябақ пен гүлзарлардың жартысынан астамын жаңғырту керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбінің күтімі болмай, сәні кеткен. Демалу орындарындағы орындықтар мен жарық шамдары қирап қалған. Балаларға арналған алаңдардың да күйі кеткен. Зейнеткер Мұхтар Айтбай күніне екі сағатын үйінің жанындағы «Денсаулық» саябағында өткізеді.  Көктемнен қара күзге дейін велосипед ал, қыста шаңғы тебеді.  Айтуынша, демалыс орыны жылдан жылға азып барады.  

Мұхтар Айтбай, қала тұрғыны:

Жеті жыл тұрамын осы жерде. Жылдан-жылға  жағдай онша емес.  Ашылғанда жақсы еді, қазір дым қарамайды ештеңе. Ана фонарлар сынып жатыр, шөпті тек осы жақында ғана алды.Суармайды да.

Бұл саябақтың күтімсіз қалғаны көрініп тұр. Әр жерде орнатылған жарық шамдары қираған. Ал екі жағына жағалай қойылған орындықтар күнге күйіп, өңі кеткен. Ортасындағы балалар ойын алаңы да азыпты. Жайқалып өскен гүл де жоқ. Дәл осындай көріністі қаладағы бірқатар саябақтан байқауға болады.

Бұрын жақсы еді. Енді жылдан-жылға нашарлап бара жатыр. Бірақ бір балалар келіп, тазартады осыны әйтеуір. Былайбалаларымызды ойнатуға бір жақсы жер.

12-ші ауданда паркі жақсы. Ағаштары жақсы, айналасы жақсы. Бірақ бәрін құртып кетіпті осы жақын арада, өртеп бәрін. Мына турниктердің перекладинасын  бәрін алып кеткен. Құртып кеткен. Мына кәдімгідей тебетіндердің бәрін өртеп жіберіпті.

Бұл мәселеге сәулетшілер де қынжылып отыр. Айтуларынша, болашақта миллион тұрғыны болатын шаһарда саябақ пен гүлзар жеткілікті. Бірақ күтіп-ұстауға көңіл бөлінбейді. Салдарынан пайдалануға берілгеніне 4-5 жыл болған демалыс орындарында да арам шөп қаптап, кеспе тастар қирап жатыр. Біразындағы су бұрқағы жаз бойы істемеді. «Бұл қаржыдан гөрі ұйымдастыру ісінің олқылығы» – дейді мамандар.  

Жәнібек Тәттібаев, сәулетшілер одағының мүшесі:

– Парктерге көңіл бөлуіміз керек. Норма қандай мысалы, үшін әр адамға 10 квадрат метр  көгалдандырылған болу керек қаланың ішінде. Оның үстіне психологиялық моменттер бар. Әр адам мысалы, суға қарағанды жақсы көреді, иә! Ол да жоқ бізде. Бұл жаққа көңіл бөлу керек жақсылап. Мәдениет бір жағынан, екінші жағынан адамның денсаулығы, үшінші жағы көңіл-күйі.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Бүгінде қала бойынша 65 саябақ пен гүлзар бар. Соның 40-қа жуығы жөндеу жұмыстарын талап етуде. Яғни облыс орталығындағы демалыс орындарының жартысынан астамын ретке келтіру қажет. Дегенмен ол міндеттің қашан атқарылатыны әзір белгісіз.

Саябақтардың күтусіз қалғанын жауапты мекеме өкілдері де мойындайды. Айтуларынша, әр нысанға мердігер бекітілген. Дегенмен, олар белгілі бір жұмысты ғана орындайды. Орындықтар мен шамдарды демалушылар қиратып кетеді дейді әкімдіктегілер. 

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ол енді біздің бірден айтатынымыз, жаңағы вандализмді айтамыз. Саябақтағы орналасқан орындықтарға, қоқыс жәшіктеріне және де басқа кіші сәулет нысандарына дұрыс қарамаудан, оларды бүлдіруден, уақыты келіп тозуы да бар. Оның барлығын қосып айтқан кезде осы күнге қазіргі таңға жеткізген. Мердігер мекемелердің барлығы бойынша шара қолданылды. Одан бөлек, жасалынбаған жұмыстарына штрафтар салынды. Қазіргі таңда дұрыстау жұмыстарына кірісті.

Бұл проблеманы шешу үшін нақты жұмыс жоспары жасалмақ. Яғни саябақ мен гүлзарлардың күтімімен жаңадан құрылатын мекеме айналысады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков