Елордада Рим Папасының кортежі үшін жол небәрі 10 минутқа жабылады

Елордада діни және саяси көшбасшылар келіссөздерінің басталуына бір күн қалды. Оған дайындық жұмыстарын біздің тілшілер де күн сайын назарда ұстап отыр. Ауқымды шараға орай елорда жүздеген қонақты қарсы алуда. Жалпы осы күндері қалада жол қозғалысы қалай болмақ, жолдар жабылып, кептеліс туындауы мүмкін бе?

Елорда пандемия кезеңінен бергі кең ауқымды шара тұсында тұр. Қазақстан бейбіт бастамалар алаңына айналады. Мегаполис жоғары деңгейлі меймандарды қарсы алуға дайын. Тұрғындар үшін бұл күндері қозғалыс шектелмей, кептеліс кедергілері туындамайды. Ұйымдастырушылар съезд уақытында қалалық автобустар қалыпты ретпен қозғалатынын айтады. Ал полицейлер бүгіннен бастап күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қала көшелерінде 100-ден аса патрульдік көлік, 11 мотоцикл қызмет атқарады.

Елжан Чупеков, Әкімшілік полиция департаменті басқармасының басшысы /Нұр-сұлтан:

- 13-15 қыркүйек аралығында әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтуіне орай, Рим папасының елімізге сапары күтіліп отыр. Осы шаралар барысында күзетілетін колонна өтетін уақытта кейбір жол учаскелерінің қозғалысы шектеледі. Атап айтқанда, Рим Папасының кортежі өтетін кезде ғана жолдар шамамен 10 минутқа жабылады. Бұл негізінен Сарайшық, Қабанбай батыр, Нәжімеденов және Сығанақ көшелерінің жекелеген бөліктеріне қатысты.

Ауқымды шараға 50 мемлекеттің өкілі келеді. 100-ден аса делегация қыркүйектің 13-інен бастап съезд жұмысына атсалысады. 14 қыркүйек күні ЭКСПО көрмесінің аумағында өтетін Рим папасының мессасына 10 мыңға жуық адам жиналады деп болжануда. Олардың басым бөлігі шет мемлекеттерден арнайы ат басын бұрмақ.

Көлік ағынын реттеу үшін адам көп жиналатын аумақта автотұрақты тегін қылу көзделген. Сондай-ақ, қатысушылар мен еріктілер үшін арнайы автобустар іске қосылады. 

Назым Жанғазинова, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің ресми өкілі:

- Рим папасы съезд өтетін орыннан месса рәсімі болатын жерге дейін қауіпсіз жетуі үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылады. Бұл көп уақытқа созылмайтын іс. Қаланың қозғалысына жалпылама шектеу жасалмайды. Алайда халықтың көбі месса аумағына баратынын ескерсек, қалыпты жағдайдағы кептеліске кезігуіңіз мүмкін.

Съезд ұйымдастырушылары шараға жұмсалған қаржы жайына да тоқталды. Кейбір делегация өкілдері өз қаржысы есебінен келетінін айта кеткен жөн. Олардың қатарында Рим папасы да бар. Өзге шығындар мемлекет әр жыл сайын халықаралық жиындарға бөлетін қаражат есебіне жатады.

Рухани Асқар, Ерлан Наурызбаев