Қызылордада қала күніне орай 40 қазан палау басылды. LIVE

Күрішті аймақ Қызылордада дәл қазір 40 қазан палау басылып жатыр. 300 аспаздың арасынан іріктеліп алынған 40 адам тағамның дәм-тұзын келістіріп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ырысы мол, күздің өнімі қарбыз бен қауын таратылып жатыр. «Сыр ана» монументінің жанына жиналған жұрт «Ауылым – берекенің бесігі» атты этно-фестивалді тамашалауда. Бұл шара көне Ақмешіттің 202 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ал таңсәріден күріш баптауға кіріскен аспаздардың Қазан ашар сәті де болып қалған сияқты. Қала күні мерекесінің, бел ортасында жүрген арна тілшісі Қамбар Бекенов бәрін рет-ретімен айтып берді.

 Қамбар Бекенов, тілші:

– Иә, жаңа ғана 40 қазанның беті ашылды. 1 тонна күрішке 800 келі сәбіз бен сол шамалас пияз қосылып, 2 түйе, 2 жылқы, 4 сиыр мен 10 қойдың еті туралған тағамның иісі мұрынды жарады. Өзінің тек қалақ-ожауымен келген палаушыларға азық-түлік пен қазан-ошақты агросеріктестік алып беріп отыр. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалған. Бірақ әр аспаздың тағам татымын келтіруде өз сыры бар екені белгілі.

Қызылордада палаушы деген жалпы аспаздардан бөлек жеке мамандық десек болады. Той-томалақ, ас-садақаларда олар әр қазанға 10-15 мың теңгеден сұрайды. Ал бүгін әзірлеген палауының дәмі тіл үйіріп, қазылар алқасының көңілінен шықса, 150 мың тг олжалауға мүмкіндігі бар. Жалпы сайыста 6 орын тағайындалып отыр.

Палаудан бөлек, бүгін аста төк бауырсақ пісірілді. Ала жаздай атыз жағалаған ағайынның қауын-қарбызы тау болып үйілді. Ас-ауқат жеп, түйілгендерге қымыз-шұбат құйылды. Жергілікті шеберлердің дайындаған қолөнер бұйымдары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ортада палуандар белдесіп, мергендер жамбы атып сайысты. Сахнада дәстүрлі әндер шырқалып, әсем әуен ырғағымен Сырдария жағалауында алтыбақан тербелді. Ал енді үздік палаушының кім болғанын кешкі жаңалықтар шығарылымында айтып беретін боламыз. Айтпақшы тонналап палау басылған осы этнофестиваль Гиннестің рекордтар кітабына енуге ұсынылатын болады. Қала күні мерекесі аясында 14-қазанға дейін түрлі мәдени-спорттық, рухани шаралар өткізу жоспарланып отыр.