Риддер қаласындағы Паничуктер отбасы тарихымызды дәріптейтін ерекше жобамен айналысып келеді

Қолөнерді қолдап, тарихты дәріптейтін туризм. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы Паничуктер отбасы осындай ерекше жобамен айналысып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастапқыда олар өз шеберханасында жасөспірімдерді қыштан құмыра жасауға, жүн мен кигізден түрлі бұйымдар істеуге үйретіп келген. Енді арнайы тур ұйымдастырып, осы  керемет өнер түрін әдемі табиғат аясында туристерге дәріптеуді жөн санапты.

11 жастағы Даша Таскаеваның шеберханадан шықпай жүргеніне бір жыл болды. Осы аралықта саусақтары майысып, кигіз басуды да киім тігуді де меңгеріп алды. Саздан ыдыс жасауды да бір адамдай біледі.

Даша Таскаева, оқушы:

- Маған әсірсе сазбен жұмыс істеу қатты ұнайды. Ыдысты айналдыра отырып жасап шығару, ерекше әсер береді.

«Балалардың әдемі де нәзік өнерді үйренуі оларды гаджетке телміруден сақтап, ой өрістерін дамытады», – дейді ата-аналар.

Наталья Клубничкина, ата-ана:

- Бұл жерге баламды әкелгеніме қатты қуанамын. Шебер бүкіл білгенін бүлдіршіндерге жалықпай үйретеді. Әр сұрағына жауап береді.

Татьяна Паничук: «Қолөнерге деген құштарлығым ата-әжемнен дарыды», – дейді.

Татьяна Паничук, қолөнер шебері:

- Мен Қазақстанды, туған жерімді ерекше жақсы көрем. Оның табиғаты мен тарихы туралы білгенімді басқалармен бөліскім келді. Сондықтан шеберханадан шығып, туристерді ел-жермен таныстыра отыра осындай өнерге баулысақ қайтеді деген ой келді. Сөйтіп бастап кеттік.

Осы жолы жас туристерді ертіп талай тарихи жәдігер шыққан киелі мекен Ақбауырға барды. Ол жердің кереметін көрсетіп, тарихи ерекшелігін түсіндіруге жанын салды.

Осыдан соң тау бөктерінде тұрып- ақ, жүннен қандай заттар жасалатынын көрсетіп шеберлік сағатын өткізді. Туристер де бұған ерекше ықылас танытты.

Валя Злобина, оқушы:

- Мен алғаш рет осындай сапарға шықтым. Өте ұнады. Осы жердің ежелгі тұрғындары жайлы біліп, қызықты деректер естідім.

Татьянаның осы жобаны жүзеге асыруына отбасы ерекше қолдау білдіріп келеді. Сондықтан қолөнерді үйреніп, туған өлкенің тарихымен танысушылар да көп.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов