Елімізде жұмысшы мамандар тапшы

«Жастар қара күшті талап ететін жұмыстан бас тартады», – дейді сарапшылар.

Ал жұмыс іздеушілер арасында педагог, заңгер және экономистер көп.

Досхан әке жолын қуып, инженер-механик болуды армандады. Елдегі белді университетке грантқа түсіп, 2017 жылы тәмәмдайды. Алайда амалсыз басқа мамандыққа бет бұрады. Себебі тәжірибесі жоқ жас маманға жұмыс табу оңай соқпайды. Сондықтан басқа саланы игеруге тура келген.

Досхан Қораз, монтажер:

- Өкініштісі сол, оқу бітіре сала менде тәжірибе болмады. Енді ата-анама ауыртпашылық салмайын деп көптеген компанияларға түйіндемемді жолдадым. Соның ішінде өзіме жақыны видео монтаж болды. Нан табу үшін бұл саланы да егжей-тегжей зерттеп, үйреніп алдым.

Астананың өзінде 5 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде 2-мыңы белсенді іс-шаралармен қамтылған. «Десе де еңбекақының аздығынан жас мамандар қарапайым жұмысшы болудан бас тартады», – дейді мамандар. Ал кейбіреуі дипломын сандықтың түбінде сақтап, әлеуметтік төлем алып жүр. Бірақоның өз тәртібі бар.

Бағила Орынбетова, Жұмыспен қамту орталығының жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы:

- Әлеуметтік төлемді алу үшін бізге келіп, өтініш білдіреді. Жұмыссыздар қатарына тіркелу керек. Бірақ төлемді мемлекеттік акционерлік қоғам есептеп, төлейді. Азамат өтініш білдіргеннен кейін жұмыссыз болып тіркеледі. Барлық жұмыссыз тіркелген азаматтарға төлене бермейді. Егер де ол мүлдем жұмыс істемеген болса, жұмыс беруші тарапынан әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем аударылмаған болса, онда төлемге ие бола алмайды.

Наргиз бекмағанбетова:

- Қазір қолында қос дипломы бар, бірақ жұмыс таппай жүргендер жетерлік. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік жөндеу саласында еңбек еткісі келетіндер жоқтың қасы. Есесіне, заңгер, экономист, педагог болғысы келетіндер көп. Өйткені жалақысы жоғары. Жалпы Астана бойынша қанша бос жұмыс орны бар? Қандай мамандар тапшы?

Бағила Орынбетова, Жұмыспен қамту орталығының жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы:

-Қазіргі таңда 7 мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Оның ішінде көбінесе құрылыс, медицина, қызмет көрсету саласында сұраныс көп. Жұмыс берушілердің  тарапынан сұраныс көп, жұмыс ісздеушілер арасында сұраныс төмен.

Жұмысшы тапшылығы еліміздегі бірқатар аймақтарда да өзекті. Әсіресе ауылдағы мал шаруашылығы ке­шен­дері мен егін алқаптары және құрылыс алаңдары ма­мандарға зәру.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев, Марат Диханбаев