Дәрігер қателігі үшін өтемақы төленеді

Дәрігердің қателігінен зардап шеккен науқастарға төленетін өтемақы көлемі олқылықтың күрделілігіне қарай нақты белгіленеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров айтты, деп хабарлайды «хабар 24».

Медициналық қателік салдарынан пациент қайтыс болған жағдайда марқұмның отбасына шамамен 3 млн теңге төленуі мүмкін. Егер науқас бірінші топ мүгедегі атанса, 2 млн теңгеден астам өтемақы қарастырылған. Екінші топ мүгедектігін алса, шамамен 2 млн тг және үшінші топ үшін 1 млн теңгеден астам қаржы төленеді. Ал медициналық қызметкер қолынан жарақат алса, ақшалай өтем көлемі 900 мың теңге. Бірақ дәрігердің сақтандырылуы оны жауапкершіліктен босатпайды. Заңнамаға осындай өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Дәулет Алдынғұров, ҚР ДСМ ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:

– Еуропаның бірқатар елінде медициналық қызметкерлер кәсіби қателігі үшін өзі жауап береді. Сондықтан сақтандыру ақысын да өзі төлейді. Бәлкім, бірнеше он жылдықтан кейін Қазақстан да осы тәжірибеге көшер. Бірақ Батыстағы дәрігерлердің жалақысы әлдеқайда жоғары екенін түсінуіміз керек.