Түркістан облысында шабдалыдан 50 тонна өнім алу жоспарда

Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны бау бақша шаруашылығын қарқынды дамытып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер осыдан 3 жыл бұрын шабдалының түркиялық сұрпын әкеліп отырғызған. Биыл алғашқы өнім берді. Жергілікті кәсіпкер Мәдеи Есқараев 2020 жылы Түркиядан шабдалының  95 мың түп көшетін әкеліп, 17 гектар жерге еккен. Бау Израилдік технологиямен жабдықталған. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Ерекше баптап күтудің нәтижесінде биыл алғашқы өнімін берді. Қазір терім науқаны жүріп жатыр.

Мәди Есқараев, шаруашылық төрағасы:

Қазір өнім ішкі нарықта сатылуда. Біздің бірнеше өңірде сатылып жатыр. Атап айтсақ, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облысы және Шымкент, Алматы, Астана қалаларында сатылуда. Басынан 300-350 теңгеден алып кетіп жатыр. Сапасына байланысты.

Қазір бауда күніне 40-50 адам шабдалы жинайды. Биыл бағбан 45-50 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Алдағы 2-3 жылда жеміс ағашы 400 тоннаға дейін өнім беретінін айтады. Жалпы мұнда қарқынды баудың көлемі 60 гектар. Оның 11-не алма, 30-на өрік, қалғанына шабдалы егілген. Жалпы Ордабасы ауданында көпжылдық жеміс шаруашылығы жақсы дамыған.

Әбілда Әлібеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Алма, жүзім бауы – көпжылдық дақылдар 1640 гектарды құрайды. Оның 600 гектары алма бау болып есептеледі. Одан 995 тонна өнім алдық. Қазір өнім жинау науқаны жүруде. Жалпы биылғы өнім жаман емес. Бағасы тұрақты.

Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылы 70 мың гектарға егілді. Оның 24 мыңы масақты, 18 мыңы мал азығы және 4 мың гектары бақша дақылдары. Мамандар келер жылы жергілікті жемісті терең өңдеп, түрлі шырын шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов Хабар24 Түркістан облысы.