Әкімдердің жеке жауапкершілігі күшейтіледі

Үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі әлі шешілген жоқ. Мұны бүгін Мемлекет басшысы қатты сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев мектептер үшін жер дер кезінде бөлмеген және инфрақұрылым бойынша мәселелерді шешпеген өңір басшыларын да сынға алды. Енді бұл үшін жауапкершілік күшейеді. Жиында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша баяндама жасаған оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салынады» – деді. Жаңа білім ордаларының қазіргілерден артықшылығы - құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады. Пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады. 1-4ші сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады. Спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі. Әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. «Жайлы мектеп» жобасы келесі жылдан бастап жүзеге асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын.

ЕЛДЕ 655 МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ САЛЫНАДЫ

Жиында «Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жайы да қаралды. Бұл бағыттағы жобаны денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Оның айтуынша, жоба барлық ауылдық елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған. Әкімдіктермен бірлесіп 655 нысанның құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру медициналық көмекке қолжетімділікті арттырмақ. Ауыл халқына жедел медициналық көмек көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда бұл атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі. Сондықтан жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды. «Алтын сағат» қағидасын бекер ұстанбайды – науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол. Бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға  айрықша тиімді әсер етеді деп үміттенеміз. Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті жастарымыз да көз жұмып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді  ауруханалар желісі – бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім.