Елімізде бірқатар маңызды жолды салу мәселесі қиындап тұр

Елде Президент тапсырмасына сай соңғы 10 жылда іске асырылған автожол жобаларын тексеру жөніндегі комиссия құрылатыны белгілі. Бұл жол жұмыстарындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алып, жол сапасының жақсаруына әкелетін нақты қадамның бірі болуы тиіс. Себебі қаншама қаржы құйылып жасалған жолдардың жыл өтпей жатып қайтадан шұрық – тесікке айналатынын елдің әр облысынан кездестіруге болады.

Елде битум тапшылығы салдарынан бірқатар маңызды учаскеде жол салу барысында қиындықтар туындап отыр. Соның бірі Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданының осы бір учаскесі. Негізі ауданда орталық магистраль жөнделіп, 6 жолақты жол халық игілігіне берілген. Енді қосымша көше арасындағы жолдар жөнделіп жатыр.   

Сәбит Жансағымов, Ә. Бөкейхан ауданы абаттандыру бөлімінің басшысы:

- Жаз бойы битум болған жоқта мердігер біраз кешікті.  37 млн-ға біз «Заезд» деген бағдарлама бойынша жұмыс істегенбіз. Соның 7 млн-на қазір бітіріп жатырмыз. 150 метрдей қалды қазір. Сосын жолдың екі жағын отсыпка жасайды, тазалайды. 

Жамбыл облысында бюджеттен 60 млн теңге бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған мына бір жол бар. Бірақ Тұрғындар Шыңбұлақ ауылына апарар жолдың бастапқы 700 метрі ғана асфальтталғанын айтады. Қалған 6 шақырымнан астам жол тек жамалған. Дегенмен, қоғам белсендісі, бөлінген 60 млн теңге 7 шақырымға жетуі керек еді, - дейді. Бірақ тас жолдың тек үштен бірі ғана жөнделген.

Талғат Қуатбеков, Жуалы аудандық қоғамдық кеңес мүшесі:

- ПСД бойынша толығымен бұлар асфальт төсеуі керек еді. 4 км жаңағы 2-ақ шақырымына асфальт төсеген,  қалған жерінде бұрынғы міне совет үкіметі кезінде төселген асфальт. Енді қазір айтады, жаңағы баға өсіп кетті деп қайтадан 46 млн.тг сұрап отыр. Бұл деген заңсыз ғой. 

Солтүстік Қазақстан облысында да осыдан үш жыл бұрын басталған жолдың құрылысы әлі аяқталар емес. Раздольный, Степное және Қызыләскер ауылдарын байланыстыратын 17 шақырымдық жолды мамандар 2020 жылы қайта қалпына келтіре бастаған. Ол үшін бюджеттен жарты милилард теңгеден астам қаржы бағытталды. Алайда, халық оның игілігін әлі көре алмай отыр. Себебі бөлінген қаржы, орташа жөндеуге жетпей қалған. 

Валерий Кейсарчук, шаруа:

- Бұл жол 90-жылдары жөнделген. Қазір онымен жүру оңай емес. Шұрық-тесік. Жеңіл көлік былай тұрсын, ауыл шаруашылығы техникаларының дөңгелектері жарылып жатады. Ал оның бағасы қазір 100-150 мың теңге. Нашар жолдың салдарынан біз  шығынға батудамыз.

Еуропадан келген қонақтар жүретін шекарадағы жолдың да сапасы сын көтермейді. Қорған–Петропавл республикалық тас жолының жыры алты жылға созылып кетті. 16 шақырымдық жол материалдардың қымбаттауына байланысты жаңартылмай қалды. Сондықтан жоба қайта есептеліп жатыр. Сәтін салса, жауаптылар оны 2023 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков